ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА СПОРТ АРДАГЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Түркістан облысы Жетісай ауданында спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан талантты бапкер, білікті басшы, Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ құрылғанына 5 жыл толуы және клуб директоры Таласхан Битуреевтың 50 жас мерейтойына орай кіші футбол мен волейболдан 50 жастан асқан ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті.
Аталған спорттық шараға еліміздің әр өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген ардагер спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты. Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ардагер спортшылардың белсенділігін арттыру және өңіраралық, халықаралық достық байланысты нығайту.
Жарыс барысында қатысушылар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты кездесулер сыйлады. Әсіресе, футбол және волейбол алаңдарында тәжірибе мен шеберліктің үйлесімі айқын байқалды.
Іс-шара соңында үздік ойыншылар мен жеңімпаз командалар арнайы кубоктармен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Мұндай игі бастамалар Жетісай ауданында бұқаралық спортты дамытуға және ардагерлер арасындағы спорттық дәстүрді жалғастыруға үлкен серпін берері сөзсіз.
