МҮМКІН ЕМЕСТІ МҮМКІН ЕТКЕН—НЫШАНҒАЛИ

Тумысынан қос қолы жоқ Нышанғали Рахман – өмірге деген құштарлығымен көпке үлгі болып жүрген жан. Ол аяқ саусақтарының көмегімен қалам ұстап, сурет салады, телефон пайдаланып, еркін мәтін тереді. Тіпті компьютер құрылғыларын өз бетінше орнатып, күнделікті тіршіліктегі жұмыстарды ешкімнің көмегінсіз атқарады.

Бала кезінен өнерге жақын өскен Нышанғали ән айту мен сурет салуға ерте қызыққан. Әсіресе мультфильм кейіпкерлері мен түрлі анимациялық кейіпкерлерді бейнелеуді ұнатады.

Ол қоғамдық өмірден де шет қалған емес. Әртүрлі байқаулар мен мәдени шараларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Соның бірі – 15 сәуір, Ғашықтар күніне орай өткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» заманауи жұптар байқауы. Аталған додада Нышанғали Әсемай есімді серіктесімен бірге арнаулы кәсіптік колледж намысын қорғап, сәтті өнер көрсетті.

Нышанғали спортқа да жақын. Ол садақ ату сайысында аяқпен нысана көздеп, «Үздік мерген» атанған. Сонымен қатар жүзумен айналысады, футбол мен теннис ойнайды. Ал шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындарда қарсыластарына оңайлықпен дес бермейді.

Оның өмірлік ұстанымы қарапайым: қандай жағдай болса да мойымау. Қиындықты сынақ ретінде қабылдап, оны жеңуге ұмтылу қажет деп есептейді. Бұл жолда ата-анасы, ұстаздары мен достарының қолдауы оған әрдайым күш беріп келеді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖЫЛЫЖАЙЛАР МАУСЫМАРАЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ ЕЛ СҰРАНЫСЫНЫҢ 45 ПАЙЫЗЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Redaktor Arysinfo

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫ ӘЛЕМНІҢ 90 ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНАН ШАҚЫРТУ АЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістан облысының Созақ ауданына Шу өзені арқылы 1,5 млрд текше метрден астам су жіберілді