«Астана Тазалықтың» артында атан түйенің жүгі жатыр… (+ФОТО)

Елімізде соңғы уақытта тазалық мәселесіне жіті көңіл бөліне бастады. Бұның бәрі – әр өңірдегі тазалыққа жауапты кәсіпорындардың күні-түні атқарып жатқан тынымсыз еңбектерінің нәтижесі. Солардың бірі – еліміздің барлық аймағына үлгі болып жүрген «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі десек, артық айтқандығымыз емес.

Осы орайда, біз Елорданы шаң-тозаң мен қоқыстан тазалап жүрген жандарды және олардың осы еңбегінің тікелей куәгерлері – жергілікті тұрғындарды сөзге тартып, журналистік зеррттеу жүргізген едік…

«Астана тәулік бойы таза тұруы тиіс»

Бізге берген сұхбатында осылай деген қарапайым тазалықшы Ардақ Сайланғазы еліміздің бас шаһарын таза ұстау зор жауапкершілік жүктейтінін айтады. Бүгінде ол – бірнеше жыл бойы «Астана Тазалық» мекемесінде жемісті жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі маман.

 «Бүкіл әлем көз тіккен бас қала Астананы айнадай ету – біздерге жүктелген үлкен міндет. Өзім осында тазалықшы болып, халыққа адал қызмет атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. Көше сыпырып жүргенім үшін ешқашан ұялған емеспін. Себебі, жұмыстың жаманы жоқ, бәрі де құрметті. Адал еңбекпен ас тауып жүргенге ештеңе жетпейді! Көп жағдайда тұрғындар да жұмысымызға риза болып, қысқы мезгілде жылы шай-тағамдарын әкеліп беріп жатады. Осының өзі еңбегіміздің бағаланып жатқаны болар деп ойлаймын. Тіпті, Мемлекет басшысы да жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, қарапайым еңбектің мән-маңызын айқындап берген жоқ па? Ендеше, мен де ел үшін еңбек етуді денсаулығым жеткенше жалғастыра беретін боламын» дейді ол.

Ал, Ардақтың әріптесі Қуаныш Дәулетов жол жиегін жуатын көліктің жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Ол да жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін жеткізді.

 «Өзіміздің Президентімізді айтпағанда, бұл қалаға күн сайын түрлі елден құрметті қонақтар келіп-кетіп жатады. Халықаралық телеарналардан тілшілер келіп түсірілім жасайды. Қаланың әр бұрышында маңызды іс-шаралар өтеді. Сондықтан мұнда тазалық жұмыстары өзге өңірлерге қарағанда екі есе ыждағаттылықпен жүреді деуге болады. Біздің жұмыс ертемен басталады. Алдымен, денсаулығымызды, соның ішінде қан және көз қысымын тексереді. Содан соң алкотест тапсырамыз. Бәрі дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Мен айдайтын көлікте 10 тонна су бар. Ол екі сағатқа жетеді.  Сонымен автоматты режимде жол жиегін шайып шығамын. Тәулігіне шамамен 40 тонна су жұмсалады» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қалада қалдыққа орын жоқ!

«Астана Тазалық» ЖШС ұжымының ұраны: «Тазалық әр тұрғыннан басталады!» Себебі, қала баршаға ортақ екенін ұмытпаған жөн. Егер оның бір бұрышында қоқысты біреу жинап, ал, екіншісінде шашып жатса, онда еткен есіл еңбектің бәрі еш кетеді…

 «Біз бір күні қызықты эксперимент жасап, «Мәңгілік ел» учаскесін бір тәулікке тазаламай қойдық. Келесі күні ол жерден 6 мыңнан астам темекі тұқылы, мыңға жуық энергетикалық сусындардың алюминий құтысы жиналды. Ал, үшінші орында – балмұздақ қаптары. Соның көбісін тұрғындар көлікте келе жатып терезеден лақтыра салады. Біз үйден шыққан қоқысты емес, жолдың жанында жатқанын жинаймыз. Сонда есептеп қарасақ, шамамен бір күнде жиналатын қалдықтың ең көбісі 80 тоннаға дейін жетіп артылады» дейді аталған мекеме мамандары.

Расымен де, спикер сөзінің жаны бар. Кейбір көрсеткіштерге көз жүгіртсек, пластик құтылар 500 жыл бойы шірімей сол күйінде сақтала береді екен. Соның әлемде тек он пайызы ғана өңделсе, қалғаны өртеледі немесе жерге көміледі. Олардың бөлшектері жерде жатса, кәріз жүйелерін бітеп, істен шығарады. Ал, жанған жағдайда ауаға улы газ бөледі. Демек, дұрысы – экологиялық қауіпсіз құтылар мен дорбаларды қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл – еліміздің Экология министрлігі Цифрлық трансформация және жобаларды басқару департаментінің директоры Төрегелді Айнабековтің пікірі.

 «Бүгінде Астананың тазалығын сақтауға оның тұрғындары да тікелей атсалыса алады. Көмек керек болған жағдайда құзырлы органдарға «Egov Mobile» мобильдік қосымшасы арқылы шығуға болады. Сондай-ақ, «TazaQazBot» деген телеграм-бот көмегімен өтініш жолдай аласыз. Алдымен, мәселеңізді сипаттап беруіңіз керек. Содан соң мекен-жайыңызды көрсетесіз. Соңында бүлінген не қоқыс шашылған аумақты суретке түсіріп, жүктейсіз. Бізге өтініштердің көбісі Астана мен Алматы қалаларынан және Түркістан облысынан түсіп жатады» дейді мамандар.

 «Жаңбырлы бақ»

Тазалық тек қоқыс жинаудан тұрмайтыны белгілі. Оған айналаны абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да кіреді. Шынымен де, қалада жасыл желек жайқалып тұрса, ол тек адамдарға емес, жан-жануарларға да қолайлы жағдай туғызады. Осы мақсатта, «Астанабасжоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Урбанистика орталығының урбанист-сәулетшісі Тұрсын Жиенбаева биылдың өзінде миллионнан астам ағаш пен гүлді бұталар отырғызылғанын айтады.

 «Біз арнайы көгалдандыру жарғысын шығардық. Онда қай жерге қанша және қандай ағаш отырғызу қажет, соның бәрі егжей-тегжейлі көрсетілген. Айталық, әрбір жаңадан салынған тұрғын үйдің 1 гектар аумағына жүзге жуық тал мен мың шақты гүлді бұта отырғызу керек. Бұдан бөлек, «Жаңбырлы бақ» деген де жобамыз бар. Ол биыл алғаш рет жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – жауын-шашын суын бір жерге жинап, кейін оны жасыл желек суаруға жұмсау. Осылайша, біз табиғаттың сыйын текке кетірмей, игілікке пайдаланғанды жөн көрдік. Алдағы уақытта одан да басқа жаңа жарқын жобаларды іске асыратын боламыз. Бізге тек тұрғындар тарапынан түсінік пен қызу қолдау табылса, соның өзі жеткілікті» дейді урбанист-сәулетші.

Ару қала Астанамызды аралай  жүріп біз тағы бір қызыққа куә болдық. Көше бойындағы және саябақтардағы ағаштарға QR-код белгісі ілінген. Сөйтсек, бұл әр ағаштың жеке электронды төлқұжаты болып шықты! Тұрғындар сол арқылы әлгі ағашқа қатысты барлық ақпаратты ала алады екен. Сонымен қатар, әр талдың төменгі тұсында арнайы датчиктер бар. Олардың көмегімен теректің түбі құрғап қалған жоқ па, соны білуге болады.

Тазалық тұрғындардан басталады

«Жасыл ел» жасағының сарбазы Айым Өтегенованың ойынша, қаланы тазарту арқылы әлемді жаңартуға болады. Егер еліміздің әр азаматы қоқысты жерге тастамай, арнайы орынға апарса, кейін сол қоқысты қайта өңдеуге немесе утилизацияға жіберсе, еліміз әлемдегі ең таза мемлекеттер көшін бастар еді.

 «Бір ғана кішкентай қуат көзі – батарейканы алып қарайықшы. Оның құрамында улы әрі ауыр металдар жетерлік. Біз соны еш ойланбстан кез келген жерге лақтыра саламыз. Ал, ол жерге түссе, 20 метр аумақты, суға түссе 4 литр суды жарамсыз қылып жіберетінін білесіз бе? Олай болса, оны қайта өңдейтін арнайы мекемелерге апарып тапсырған жөн. Қалай болғанда да, қаламыздың тазалығы өзгеге емес, өзімізге керек. Біздің айналамызды басқа жақтан біреу келіп тазалап бермейді. Мұндағы ауа да, су да, орман да тек өзімізге қажет. Сондықтан осының бәрін жас ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Мәселен, жапониялықтар тазалыққа қатты мән береді. Онда тазалық бөлек бір мәдениет пен дәстүрге айналған. Олар тіпті өзге елге барса да, жүрген жерін қоқыстан тазартып жүреді. Міне, мұның өзі Жер-ана баршамызға ортақ екенін білдіріп тұрғандай. Жерге түкіргеннің өзі анамыздың бетіне  түкіргенмен бірдей ғой» дейді табиғат жанашыры.

Біз анықтаған тағы бір қызық жайт, Астанада бес жылдан бері тұрақты түрде экожәрмеңке ұйымдастырылып келеді екен. Оның басы-қасында жүрген экожаттықтырушы Дария Ғылымжанқызы мұндай жәрмеңкенің не үшін керек екенін бізге айтып берді.

«Тұрғындар жәрмеңкеге пайдаланбайтын заттарын алып келеді де, оның орына өздеріне қажетін алады. Яғни, біз қайта өңдеуге жарамды шикізатты қабылдап аламыз да, тиісті орындарға тапсырамыз. Ондағылар керегін өңдейді, ал, қауіптісін утилизацияға жібереді. Әлі есімде, ең алғашқы жәрмеңкеде небәрі 150 келі зат жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 3 тоннаға жетті. Мұның өзі елордалық тұрғындардың экологиялық мәдениеті біраз арта түскенін көрсетіп отыр. Әрине, отандастарымыздың экологиялық санасы жақсы жаққа қарай өзгеріп жатқаны бізді қуантпай қоймайды. Мұнда Астанадан бөлек, Көкшетау мен Петропавлдан да пакет-пакет заттар келіп жатады. Олардың ішінде қағаз, пластик, метал, шыны, сұйық май, мерзімі өткен косметика, дәрі-дәрмек және басқалары бар. Қарапайым пластик бөтелкелерді айтсақ, олар қайта өңдеу барысында ұнтақталып, кейін одан мүлде басқа жаңа бұйым жасалып шығады. Тіпті, көшедегі қоғамдық орындықтар да содан жасалады десем, сенесіз бе? Міне, қоқыс пен қалдыққа екінші өмір сыйлау деген – осы» дейді ол.

 «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі»

Журналистік зерттеу барысында біз Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғат паидалану басқармасының бөлім басшысы Уәлихан Қуанышевтың пікірін білдік. Оның сөзіне қарағанда, биылдың өзінде Елордамызда тазалық бағытында едәуір жұмыстар атқарылғанға ұқсайды.

– Соңғы екі жыл қатарынан «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды акция ұйымдастырылды. Соның аясында 500 мыңнан аса тұрғынның қатысуымен  200-ден астам іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстар өз жемісін біртіндеп беріп жатыр. Қарапайым тұрғындар да, ірі кәсіпкерлер де тазалық сақтауға зор мән бере бастады. Қаламызда арнайы жасыл белдеулер бар. Соларды мекен еткен жабайы жануарлар да көбейді. Сөйтіп, Астанамыз адамдарға ғана емес, жан-жануарлар үшін де қауіпсіз ортаға айналып келеді. Сол сияқты, 2023 жылдан бері құрылыс қалдықтарын қабылдайтын «Солтүстік жотасы» деген алаң жұмыс жасап келеді. Ол жылына шамамен 200 мың тоннадай қалдық қабылдайды. Бұдан бөлек, ауа сапасын жақсарту үшін көмір жағу үлесін азайтып, газдандыру жұмыстары жолға қойылуда. Барлығы 24 мың жеке секторды газдандыру көзделсе, бүгінде сол міндеттің жартысынан көбі орындалып отыр, — дейді шенеунік.

Сәулеті мен дәулеті келіскен…

Астананың ажарын ашатын екінші фактор – оның сәулеті. Шаһардың шырайын келтіру үшін шетелден арнайы мамандар да тартылған. Олар әлемдік стандартқа сай батыл шешімдер ұсынған.

«Осыдан тура он жыл бұрын, яғни, 2016 жылы біздің санамызда серпіліс пен сілкініс орын алды десем де болады. Бұрын біз тек ғимараттардың архитектурасына, үйлердің қасбеттеріне ғана мән беріп келген екенбіз. Ол үшін әлемнің ең мықты деген сәулетшілерін тарттық. Осылай әлем назарын аударып, қаламызға көрік бергіміз келді. Бертін келе түсіндік, қала келбеті тек ондағы нысандарға ғана байланысты емес, бұл жерде қоршағаның ортаның да мәні зор болып шықты. Айтқым келгені, ғимараттар арасында табиғи орта қалыптастыру да өте маңызды. Ал, біз соған мән бермей жүре беріппіз. Есесіне, бұл олқылықтың орнын жас сәулетшілер толтырды» дейді тәжірибелі сәулетші Аманжол Чиканаев.

Астана бүгінде жасыл энергия мен экологиялық тұрақтылықтың символына айналып келе жатыр. Әр үйдің ауласында жайлы өмірге лайықты жағдай жасалған. Ескірген аулалар әкімдік есебінен кезең-кезеңімен жаңартылмақ. Биылдың өзінде жетпіс қоғамдық алаңның «екінші тынысы» ашылмақ. Қала бойынша жылына миллион көшет отырғызылады. Урбанистер биыл тіпті ағаштарға арналған цифрлық жүйе әзірлепті. Жаңадан егілген әр талға электрондық құжат жабыстырылған.

– Урбанистика орталығының базасында ағаштарға мониторинг жасау үшін «Green ID» пилоттық жобасы іске қосылды. Басты мақсат – әрбір терекке жеке электронды құжат беру. Бұл оларға қалай күтім жасалып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. Әр құжатта жасыл желектің жасы, оны еккен адам немесе ұйымның аты-жөні мен ылғалдылық деңгейі көрсетіледі. Оны суарған сайын ылғалдылық жайлы ақпарат та жаңартылып отырады. Ал, егер суару қажеттілігі туса, орталыққа сигнал түседі. Бұл жүйе ағаштарды баптауда үнемділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етпек» дейді осындағы Урбанистика орталығының жетекшісі Данияр Шындалиев.

Коммуналдық қызметтің көрінбейтін қиындығы

Елорданың тазалығы – жай ғана коммуналдық қызметтің күнделікті жұмысы емес. Ол қаланың инвестициялық тартымдылығының, туристік келбетінің, тұрғындардың өмір сапасының және мемлекеттік басқару тиімділігінің көрсеткіші. Соңғы жылдары Астанада коммуналдық қызмет саласында жүргізілген реформалар бұл бағыттың тек көше сыпыру немесе қар шығару жұмыстарымен шектелмейтінін көрсетті. Қазіргі таңда саланың негізгі басымдықтары – цифрландыру, ашықтық, еңбек өнімділігі, экологиялық мәдениет және адам капиталы.

«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиевтің сөзінше, бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың барлық саласы цифрлық трансформация кезеңінен өтуде және коммуналдық шаруашылық та бұл үдерістен шет қалған жоқ.

– Бұрын қағазбастылықпен, адам факторымен және бақылаудың әлсіздігімен байланысты мәселелер көп болса, қазір электронды жүйелер олардың басым бөлігін жоюға мүмкіндік беріп отыр, — дейді ол. – «Астана Тазалықта» енгізілген электронды жол парақтары, GPS бақылау жүйелері, жанар-жағармай шығынын онлайн қадағалау және медициналық тексерулерді автоматтандыру жұмыстың ашықтығын арттырып қана қоймай, қаржылық тиімділікке де қол жеткізді. Ең маңызды нәтижелердің бірі – жанармай шығынын бақылау арқылы миллион литрге жуық отынның үнемделуі. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалану ғана емес, мемлекеттік кәсіпорындағы басқару мәдениетінің өзгергенін көрсететін нақты мысал. Бүгінде кез келген арнайы техниканың қай жерде жүргені, қанша уақыт жұмыс істегені және қанша жанармай жұмсағаны нақты уақыт режимінде бақыланады. Мұндай жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, еңбек тәртібін күшейтіп, өндірістік тиімділікті арттырады.

Коммуналдық қызмет қаншалықты сапалы жұмыс істесе де, тұрғындардың жауапкершілігі болмаса, қала тазалығын толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Мәселенің түп-төркіні дәл осы жерде жатыр. Қоқыстың қайтадан көшеге тасталуы немесе қоғамдық орындардың ластануы коммуналдық қызметтің әлсіздігін емес, азаматтық мәдениеттің жеткіліксіздігін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы ерекше. Бұл бастама тазалықты тек сенбілік өткізумен шектемей, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруды көздейді. Экологиялық мәдениет бала тәрбиесінен басталады. Қоқысты арнайы орынға тастау, қоғамдық мүлікті күтіп ұстау, табиғатты қорғау – бұл тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.

Қала тұрғындары көбіне таңертең таза көшені көреді. Бірақ сол тазалықтың артында түн бойы еңбек еткен мыңдаған адамның жұмысы тұрғанын байқай бермейді. Қыс мезгілінде жүздеген арнайы техника мен мыңнан астам қызметкер тәулік бойы жұмыс істейді. Қар тазалау жұмыстары көбіне түнгі уақытта жүргізіледі. Себебі көлік қозғалысы азайған кезде негізгі магистральдарды тазалау әлдеқайда тиімді. Бұл – қала тіршілігін тоқтатпай ұстап тұрудың негізгі алгоритмі. Астананың күрделі климаты коммуналдық қызметке ерекше талап қояды. Сондықтан техникалардың барлығы алдын ала жөндеуден өткізіліп, қысқы маусымға бірнеше ай бұрын дайындала бастайды. Қазақтың «Қыстың қамын жаз ойла» деген нақылы бұл салада нақты өндірістік қағидаға айналған.

Коммуналдық шаруашылықтағы инновациялар бүгінде әлемдік үрдіске айналды. Дегенмен кез келген халықаралық тәжірибені сол күйінде көшіру мүмкін емес. Астананың қатал климаты көптеген технологияларды қайта бейімдеуді талап етеді. Мысалы, Еуропада немесе Ресейде қолданылатын техникалық шешімдердің барлығы Қазақстан жағдайында тиімді бола бермейді. Сондықтан кәсіпорын әлемдік тәжірибені зерттей отырып, әсіресе климаты ұқсас Канада сияқты елдердің моделіне көбірек назар аударып отыр. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибені жергілікті ерекшелікпен ұштастырудың дұрыс үлгісі болып саналады. Сонымен қатар елорданың цифрландыру тәжірибесіне Қырғызстаннан, Алматыдан және Ақтаудан келген мамандардың қызығушылық танытуы Қазақстанның бұл салада тәжірибе экспорттай бастағанын көрсетеді.

Коммуналдық шаруашылықтың тағы бір маңызды мәселесі – кадр тапшылығы. Әсіресе арнайы техника жүргізушілері мен жол жұмысшыларына сұраныс жоғары. Бұл мәселені тек жалақыны көтеру арқылы шешу мүмкін емес. Мұнда еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, әлеуметтік қолдау көрсету және жастардың кәсіби қызығушылығын қалыптастыру қатар жүруі қажет. Осы мақсатта «Астана Тазалық» бірнеше әлеуметтік жобаны іске асырып келеді. Қызметкерлерге жатақхана беру, тұрғын үй сертификаттарын табыстау, медициналық сақтандыру, балалар демалысын ұйымдастыру, тегін қоғамдық көлік пен спорт нысандарына қолжетімділік сияқты әлеуметтік қолдау шаралары кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл әлеуметтік саясат еңбек өнімділігіне де тікелей әсер етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс пен білім беру ұйымдарының ықпалдастығын күшейтудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл бағытта «Астана Тазалықтың» тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Кәсіптік-техникалық колледждермен жасалған меморандумдар нәтижесінде студенттер кәсіпорында ақылы өндірістік тәжірибеден өтуде. Практиканттар нақты өндірістік ортада еңбек етіп, арнайы техникалардың жұмысымен танысады. Бұл жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге және болашақ кадрлық резервті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге студенттердің экологиялық акцияларға қатысуы олардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудың тиімді құралына айналып отыр.

Коммуналдық шаруашылықтың заманауи моделі тек техника немесе цифрлық технологиялармен өлшенбейді. Ең басты көрсеткіш – қоғамның мәдениеті. Егер тұрғындар тазалықты өз жауапкершілігі деп қабылдай бастаса, коммуналдық қызметтің тиімділігі бірнеше есе артады. Ал цифрландыру бұл процесті барынша ашық, әділ әрі тиімді етеді. «Астана Тазалық» тәжірибесі көрсеткендей, қазіргі коммуналдық қызмет бұрынғыдай тек көшені тазалайтын мекеме емес. Ол – цифрлық басқару жүйесін енгізіп жатқан, әлеуметтік жауапкершілікті дамытып отырған, жастарды өндірістік тәжірибеге тартып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге ұмтылған заманауи ұйым.

Астананың тазалығы бүгінде коммуналдық қызметкерлердің ғана еңбегі емес, мемлекет, қоғам және әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігіне айналып келеді. Цифрландырудың енгізілуі, өндірістік процестердің автоматтандырылуы, әлеуметтік қолдау тетіктерінің кеңеюі және жастарды еңбекке баулу бастамалары коммуналдық саланың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Ал «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бұл өзгерістерге идеологиялық негіз беріп, тазалықты қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыруға ықпал етуде. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары коммуналдық шаруашылықтың тиімділігі тек жаңа техника санымен емес, цифрлық басқару сапасымен, еңбек адамының әлеуметтік қорғалуымен және тұрғындардың экологиялық мәдениетімен өлшенетін болады. Осы тұрғыдан алғанда «Астана Тазалық» қолға алған бастамалар Қазақстандағы коммуналдық саланы жаңғыртудың үлгісіне айналуға толық негіз бар.

ТҮЙІН

…Осылайша, біз бүгін бас қала – Астанадағы тазалық жұмыстарының жүргізілу барысын сөз еттік. Мұнда іркіліс жоқ, ілкімді іс көп. Біз соған көз жеткіздік. Ендеше, бұл да өзге өңірлер үшін үлкен үлгі боларлық жайт. Қалай болғанда да, «Таза Қазақстанда» өмір сүргіміз келсе, тазалықты ең алдымен өзімізден бастайық, ағайын!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Арыста алтын құрсақты аналар марапатталды

Түркістан: Президенттің кеңесшісі табиғи парктер мен қорықтарды аралады

Түркістан: Қазығұртта Бақытжан Алдияр мен Бақыт Беделханның жыр кеші өтті