ТҮРКІСТАНДА БЕЛАРУСЬ МАМАНДАРЫМЕН БІРЛЕСІП, БАЛАЛАРҒА 9 КҮРДЕЛІ ЖҮРЕК ОТАСЫ ЖАСАЛДЫ

Кішкентай жүректерге үміт сыйлаған халықаралық ынтымақтастық: Түркістан облыстық балалар ауруханасында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 9 күрделі ота жасалды.

2026 жылғы 5–9 қазан аралығында Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері Беларусь Республикасынан келген жетекші мамандармен бірлесіп, туа біткен жүрек ақауы бар балаларға күрделі хирургиялық оталар жасады.

Халықаралық медициналық ынтымақтастық аясында шетелдік мамандар кішкентай пациенттерді тексеріп, консультациялар берді. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлермен бірге операцияларға қатысып, тәжірибе алмасты. Отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы шеберлік сыныптары да ұйымдастырылды.

Беларусь делегациясының құрамында Минск қаласындағы Республикалық балалар хирургиясы ғылыми-практикалық орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Юрий Линник, №3 анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Виктория Назарова, балалар кардиологы және кардиопатологиясы бар балаларды күту бойынша маманданған медициналық мейіргерлер болды.

Бірлескен жұмыстардың басты мақсаты – балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, заманауи емдеу әдістерін енгізу және жергілікті дәрігерлердің тәжірибесін жетілдіру. Мұндай ынтымақтастық күрделі оталарды өз өңірінде жасау мүмкіндігін кеңейтіп, балалар мен олардың ата-аналары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуына ықпал етеді.

Айта кетейік, мамандардың сапары BI Group құрылыс компаниясының BI-JULDYZAI корпоративтік қайырымдылық қорының «Мүмкіндік» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – балаларға күрделі оталар мен білікті мамандардың консультацияларын елімізде қолжетімді ету.

Халықаралық тәжірибе алмасу – медицина сапасын арттырудың маңызды тетігі. Ал әрбір сәтті жасалған ота кішкентай пациенттер мен олардың отбасыларына үміт сыйлап, балалар кардиохирургиясын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ұқсас жаңалықтар

«Ақша бермесең, арам өлесің»: Медицинадағы парақорлық – өмір мен өлім арасындағы сауда ма?

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: БҮГІН ОБЛЫСТАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА 60 ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ ТАРТУ ЕТІЛДІ

Redaktor Arysinfo

ГУМАНИТАРНАЯ МИССИЯ В АФГАНИСТАНЕ: КАЗАХСТАНСКИЕ ВРАЧИ ВЕРНУЛИСЬ ДОМОЙ

Redaktor Arysinfo