«Арыстағы Жабайы сауданы жою»: Сөзден іске көшетін уақыт қашан?

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың Орталық базарды аралап, «жабайы сауданы жою керек» деген мәлімдемесі — әкімдердің бұрыннан бері қайталап келе жатқан уәдесінің кезекті үлгісі ғана емес пе? Көзбояушылық пен шындықтың арасы алыстап кеткен бұл мәселеде нақты шешім бар ма?

Әкім базардағы рұқсатсыз сауда қатарларын сынға алып, тәртіп орнату туралы тапсырмалар бергенімен, дәл осыған ұқсас мәлімдемелер жыл сайын қайталанып келеді. Қоғамда «жабайы сауда» деген ұғым қалыптасқалы қашан. Бірақ бұл көрініс әлі күнге дейін базар айналасында жаңғырып тұр. Демек, мәселені тексеру мен тапсырма беруден әріге асыра алмай отырған жүйенің өзі күмән туғызады.

Қала басшысы жаяу жүргіншілер жолына қойылған сөрелердің заңға қайшы екенін айтып өтті. Алайда мұндай жағдай тек Арыста емес, елдегі көптеген қалаларда күнделікті өмірдің бөлшегіне айналып кеткен. Егер әкім айтқан талаптар шынымен орындалса, бұл тек қысқа мерзімдік кампания емес, жүйелі жұмыс нәтижесі болуы керек.

Бұған дейін де дәл осындай «жабайы сауданы жою» жөніндегі бастамалар қағаз жүзінде ғана орындалып, біраз уақыттан кейін бәрі қайтадан өз қалпына келген болатын. Неліктен? Өйткені мәселенің түпкі тамыры — тұрғындардың әлеуметтік жағдайында жатыр. Ресми сауда орындарындағы жоғары жалдау ақысы, шектеулі орындар мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі – адамдарды заңсыз саудаға итермелейтін негізгі себептер.

Егер әкімдік тек тыйым салумен шектеліп, балама жолдар ұсынбаса, «жабайы сауда» жойылмақ түгіл, бұрынғыдан да өршіп кетуі мүмкін. Шынайы шешім – саудагерлер үшін қолжетімді әрі заңды сауда алаңдарын ұсыну, инфрақұрылымды дамыту және нақты бақылау жүйесін енгізу.

Әкімнің сөзі дұрыс – тәртіп орнауы керек. Бірақ бұл тек сөз жүзінде қалмай, нақты әлеуметтік-экономикалық шаралармен сүйемелденбесе, «жабайы сауда» жабайы уәдеге айналып қала береді.

Ұқсас жаңалықтар

«Мердігер неге қашып жүр?» Арыс ауданы Атамекен ауылындағы жарықтандыру жұмыстарына қатысты мәселе сотқа жетті

berdaly_oraz

Шымкенттік дәрігерлер комаға түскен науқасты аман алып қалды

Альфия Адамбек

Қазақстан мен Өзбекстан сауда байланысын нығайтуда

berdaly_oraz

Пікір жазу