Бүгін, 10 тамыз – қазақ халқының рухани әлеміндегі шоқтығы биік тұлға, ұлы ақын әрі кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл ақынның дүниеге келгеніне 180 жыл толып отыр. Айтулы мерейтой аясында Арыс қаласында арнайы тағзым шарасы ұйымдастырылып, қалалық орталық кітапхана жанындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Рәсімге қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, шығармашылық орта және кітапхана оқырмандары қатысты. Жиналғандар ұлы ойшылдың рухына құрмет білдіріп, оның қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орны жайлы жүрекжарды пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара барысында Абайдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын дәріптейтін мазмұнды кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде ақынның өлеңдері мен поэмалары, 45 қара сөзі, сондай-ақ замандастары мен абайтанушы ғалымдардың еңбектері қойылды. Бұл экспозиция қатысушыларға ақынның даналыққа толы ой әлемімен қайта қауышуға мүмкіндік берді.
Кітапхана ұжымы мен қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы әдеби-музыкалық бағдарлама дайындады. Сахнада Абайдың өлеңдері мәнерлеп оқылып, ақын шығармалары негізінде қойылған шағын көріністер көрсетілді. Жас буын өкілдері мен мектеп оқушылары да шараға белсене қатысып, ұлы ақын мұрасына деген сүйіспеншілігін өлеңмен жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағзым шаралары жас ұрпаққа Абайдың қалдырған өшпес мұрасын насихаттап қана қоймай, ұлттық рухты дәріптеуге, адамгершілік құндылықтарды сіңіруге бағытталған.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы уақытта да ұлы ойшылдың мерейтойына орай түрлі мәдени, әдеби және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар жалғасын табады.
