ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН 7 АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨЛШЕУ СТАНЦИЯСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Түркістан облысында көлік қозғалысын бақылау, заңсыз жүк тасымалын болдырмау және автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Биыл өңір аумағында жеті автоматтандырылған өлшеу станциясын іске қосу жоспарланған.

Қазіргі таңда облыс аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 17,5 мың шақырымнан асады. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 723 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 4 мың шақырымнан астам, ал қалғаны аудандық және жергілікті жолдарға тиесілі. Инфрақұрылымның ауқымдылығына байланысты көліктік бақылау шаралары күн тәртібінен түспейді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Жиында әкім сала мамандарына рейдтік жұмыстарды күшейтуді, пайдалы қазбалар тасымалдайтын көліктерді қатаң қадағалауды және өлшеу станцияларын дер кезінде орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, теміржол және су көлігі инспекциясының қызметін де назардан тыс қалдырмау қажеттігі айтылды.

Облыстық көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері көліктер мен шаруашылық субъектілеріне тәулік бойы қадағалау жүргізілуде. Алты айдың қорытындысында облыс арқылы өткен автокөліктер үшін жоспарланған 351 млн теңге алымның орнына 419,9 млн теңге өндірілген. Бұл – жоспардың 120 пайызға орындалғанын көрсетеді. Тексеру барысында 5 мыңнан астам көлік құралдары бақылаудан өтіп, 1 116 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде 31,7 млн теңге айыппұл салынып, оның басым бөлігі өндірілді.

Жаңа өлшеу жүйесінің алғашқы нәтижелері де белгілі. Шілде айында Арыс қаласы аумағында екі автоматтандырылған станция іске қосылған болатын. Қысқа уақыт ішінде 874 заңбұзушылық анықталып, 456 нұсқама жіберілді. Тиісінше 484,5 млн теңге айыппұл салынып, оның бір бөлігі қазынаға қайтарылды.

Облыс көлемінде 110 карьер жұмыс істейді. Сол себепті жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артпай тасымалдануын бақылау ерекше назарда. Соңғы айларда ғана жылжымалы бекеттердің көмегімен 686 самосвал тексеріліп, 210 хаттама рәсімделген. Бұл ретте 15,8 млн теңге айыппұл салынып, оның 15,5 млн теңгесі өндірілді.

Жалпы, Түркістан облысында жолдардың сақталуын қамтамасыз ету, көлік құралдарының шамадан тыс салмақпен жүруін шектеу және заңсыз тасымалға тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Жыл соңына дейін барлық жеті өлшеу станциясы іске қосылып, аймақта көліктік бақылаудың жаңа деңгейі қалыптасады деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан мен Шымкентте 48 адам рақымшылықпен бостандыққа шықты

Наурыз мерекесіне орай қосымша 120 әуе рейсі іске қосылады

berdaly_oraz

Түркістан: Мақтаарал ауданы индустриясы қарқын алып келеді

berdaly_oraz