Арыс қаласында орталық пен Сырдарияны жалғайтын жүргінші жол салына бастады

Арыс қаласының тұрғындары үшін көп жылдан бері өзекті болып келген мәселе шешімін табуда. Қала орталығы мен Сырдария тұрғын ауданын байланыстыратын теміржол үсті көпірінен кейінгі аумақта жаяу жүргіншілерге арналған жол болмағандықтан, тұрғындар күнделікті қиындық көріп келген еді.

Аталған учаскеде аяқжолдың жоқтығы әсіресе қыстың көктайғақ күндері мен көктемдегі лайсаң мезгілінде адамдарға едәуір қолайсыздық тудырды. Ал жаз айларында шаң мен топырақ тұрғындарды әбігерге салатын. Көпірден түскеннен кейінгі жол бөлігімен Д.Нұрпейісова мен Ғ.Мүсірепов көшелеріне қарай қатынайтын жүздеген адам қауіп-қатерге қарамастан жаяу жүруге мәжбүр болған.

Жергілікті халықтың өтінішін назардан тыс қалдырмаған қала әкімі Қайсар Маңқараев мәселенің мән-жайымен өзі барып танысты. Тұрғындардың талап-тілегін ескерген әкім тиісті бөлімдерге нақты тапсырма беріп, құрылыс жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді.

Қазіргі уақытта аяқжол құрылысы басталып кетті. Жоспар бойынша мұнда тек жүргінші жол ғана емес, сонымен қатар ыңғайлы теппешектер орнатылып, жарық шамдар қойылады. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.

Жоба жергілікті жұртшылық тарапынан оң бағаланып отыр. Қала тұрғындарының айтуынша, аталмыш аумақпен күн сайын 200-ден астам адам қатынайды. Бұған дейін қараңғыда немесе қолайсыз ауа райында жүріп-тұру қауіпті саналса, енді жаңа инфрақұрылым бұл мәселені түбегейлі шешпек.

– Осы жол бойымен балаларымыз мектепке, ересектер жұмысқа барып жүреді. Әсіресе қыста қатты қиналатынбыз. Қала басшылығы тұрғындардың тілегін ескеріп, нақты іс бастағанына қуаныштымыз, – дейді қала тұрғыны Әлия Сәрсенбаева.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, құрылыс жұмыстары бірнеше апта ішінде толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Әкімдік өкілдері тұрғындардың өтініш-шағымдарын дер кезінде шешу мақсатында осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғаса беретінін атап өтті.

Бұл бастама – Арыс қаласының инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Соңғы жылдары қалада көшелерді жарықтандыру, жаңа аялдамалар орнату, спорт және демалыс алаңдарын салу жұмыстары да қолға алынған.

Жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен ынтымағының нәтижесінде қаланың әлеуметтік бейнесі жылдан жылға жақсарып келеді. Сырдария бағытындағы жаңа жүргінші жолы – соның айқын дәлелі.

Бердалы Ораз (Аймақ тілшісі)

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда 22,7 млн тоннадан астам астық бастырылды

admin_arysinfo

2025 жылы Түркістан облысындағы 41 елді мекенге табиғи газ жеткізілді

berdaly_oraz

Түркістан облысында нашақорлыққа қарсы іс-шара қарқынды жүруде