ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНАНЫ ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛЕДІ

Түркістан облысында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері кең ауқымда қаралды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында саланың қазіргі жағдайы, жыл басынан бергі көрсеткіштер және 2025 жылға арналған жоспарлар егжей-тегжейлі талқыланды. Жиын барысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев өңір медицинасының соңғы он айдағы даму қорытындыларын ұсынып, саланың оң өзгерістерге ие болғанын атап өтті.

Әкім өз сөзінде медициналық қызметтің сапасын арттыру – өңір үшін басым бағыт екеніне тоқталды. Ол инфрақұрылымды жаңарту, заманауи технологияларды енгізу, цифрландыру қарқынын бәсеңдетпеу және санитарлық талаптарды күшейту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Мақсат – әр тұрғынға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету.

2025 жылдың он айында облыстағы негізгі медициналық және демографиялық көрсеткіштер жақсарған. Ана өлімі 63,3 пайызға төмендеп, туылған нәрестелердің өміршеңдігі артты. Балалар арасындағы өлім көрсеткіші де айтарлықтай азайған. Бұл – перинаталдық орталықтардың материалдық базасын жаңарту, тәуекел топтарын ерте бақылау және алғашқы медициналық көмектің тұрақты күшеюінің нәтижесі. Сонымен бірге өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтарының жұмысы жанданған, облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық бөлімше ашылған.

Жүкті әйелдерге ауылдық жерлерде қолдау көрсету мақсатында перинаталдық орталықтар жанынан ашылған «Салауатты ана» пансионаттары жүзден астам азаматты қабылдаған. Сонымен қатар аудандар мен облыс орталығы арасында виртуалды кеңес беру жүйесі жолға қойылып, қиын жағдайлар дер кезінде анықталуда. Генетикалық тексерулерді күшейту үшін жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараттары орнатылды. «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында биыл 200-ден астам отбасы бала сүйді.

– Тұрғындардың денсаулығы – біздің ең маңызды құндылығымыз. Әрбір азамат уақытылы, сапалы көмек алуы керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Қазіргі талап – технологияны меңгерген маман, дұрыс жабдықталған емхана және нәтижегe бағытталған қызмет, – деді Нұралхан Көшеров.

2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлінді. Осы қаржы есебінен 300 мыңнан астам пациент қажетті препараттармен қамтылған. Сонымен қатар орфан аурулары бар азаматтарға жәрдемдесу үшін жергілікті бюджеттен 4,6 млрд теңге бағытталды.

Құрылыс және жөндеу жұмыстары да жіті бақылауда. Биыл дайын ғимараттарды сатып алу механизмі арқылы 34 медициналық нысан қолданысқа беріледі. Кентау қалалық ауруханасын күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Қазығұрт пен Шардарадағы ауылдық ауруханалар толық жаңартылды. Түркістан қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана өңір үшін стратегиялық жоба саналады.

Сонымен қатар ауыл-аймақтардағы ауруханалар жаңа диагностикалық құралдармен жабдықталуда. Онкологиялық қызметті жақсарту мақсатында 11 түрлі аппарат жеткізілді. Радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға бағытталған PACS жүйесі енгізіліп жатыр, бұл жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісіктерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық емханасында қызмет көрсетуді жеңілдететін «дауыстық робот» іске қосылып, 74 мыңнан астам тұрғынға автоматты түрде қоңырау шалынған.

2025 жылы өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 40,3 млрд теңге қарастырылған.

Ұқсас жаңалықтар

Өңірде оқу жылының аяқталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Шардара су қоймасында тұқы балығын аулаудан Қазақстан чемпионаты өтті

Арыстық спортшылар Ташкенттегі Әлем кубогында бір алтын,қола және екі күміспен оралды

berdaly_oraz