Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің республикалық «ZANDY KÚLKІ» жайдарман ойыны ұйымдастырылды.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қатысып, командаларға сәттілік тілеп, жастардың шығармашылық белсенділігін қолдаудың маңызын атап өтті. Олар жастардың құқықтық мәдениетін көтеру және өнер арқылы ой еркіндігін дамыту қоғам үшін маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Жайдарман сайысы жас таланттарды қолдау, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыру мақсатында өтті. Ойынның жүргізушісі – Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен, ол кештің серпінді атмосферасын қалыптастырды.
Биыл республиканың әр өңірінен іріктелген 12 команда қатысып, өз өнерін ортаға салды. Олар: «Жеңіс», «Q» құрамасы, «Меркістан», «Зертас», «Ату мини», «Сұрап алмадық», «Алма кю», «Абибас», «Абырой», «Джеки Шаңырақ», «Киров» және «Эверест» құрамалары. Әр команда өзіндік әзіл стилін, сахналық мәдениетін және креативін көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Қазылар алқасы командалардың ұсынылған нөмірлерін мазмұн, әзілдің өзектілігі, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті және жалпы жеткізу деңгейі бойынша бағалады. Сарапшылар жастардың кәсібилікке деген ұмтылысын және шығармашылық ізденісін жоғары атап өтті.
Өнер бәсекесі жастар арасындағы достықты нығайтып, бірлік пен мәдениет құндылықтарын дәріптеуге үлес қосты. Жарыс қорытындысында үздік шыққан командаға Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының кубогі табысталды. Сонымен қатар жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға алғыс хаттар тапсырылды.
