ҚАЙТЫС БОЛУ ДЕРЕГІН ДЕР КЕЗІНДЕ ТІРКЕУ КЕРЕК

Азаматтардың өз туысының қайтыс болу фактісін анықтау бойынша арыздары азаймай тұр. Неке
және отбасы кодексінің талабына сай, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеуде, біріншіден, медициналық ұйым берген, қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы анықтама негізге алынады. Екіншіден, егер медициналық ұйымнан анықтаманы алмаған жағдайда, қайтыс болу фактісін белгілеу туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі шығарылады.
Яғни, адамның қайтыс болу фактісін анықтау туралы арыз сот өндірісіне қабылданып, іс қаралуы үшін Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдары қайтыс болған адам туралы деректі тіркеуден бас тартқаны туралы арызданушыға жазбаша анықтама беруі керек. Ол үшін арызданушы өз арызында туысының қайтыс болуы туралы фактіні қандай мақсатпен анықтауы қажет екенін көрсетуі тиіс. Сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтіруге тиіс.
Көп жағдайда, арызданушылар өз туысының қайтыс болғанына қайғырып, деректі уақытылы тіркемейді. Мұның соңы қайтыс болу фактісін анықтау туралы арызбен сотқа жүгінуге әкеп соқтырады. Сондықтан, туысы қайтыс болған жағдайда азаматтар жергілікті медициналық ұйымға жүгініп, олар берген анықтаманы жергілікті азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне ұсынып, заң
жүзінде қайтыс болуды тіркету қажет. Сот практикасы көрсеткендей, аталған рәсімді білмейтін азаматтар көп. Сонымен қатар, қайтыс болған азаматты жерлеу кезінде жергілікті имамдар, әкімдер үй иелеріне міндетті түрде қайтыс болу фактісін тиісті органдарға хабарлау, медициналық ұйым қызметкерлерін шақыртып, қайтыс болу фактісін куәландыру керектігін жеткізуі қажет.

Аңсабек НАЗАРҚҰЛОВ,
Байзақ аудандық сотының судьясы
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының тұрғындары браконьерлік үшін сотталды

berdaly_oraz

Қоғамдық тәртіп пен тазалық: жауапкершілік кімнің мойнында?

berdaly_oraz

Сарайда есірткі сақтаған ер адам ұсталды

Пікір жазу