Түркістан экономикасындағы серпіліс: өңір қазынасына алғаш рет 1 трлн теңгеден аса салық түсті

2025 жыл Түркістан облысының экономикалық дамуында бетбұрыс кезең ретінде тарихта қалды. Өңір қазынасына алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсіп, аймақтың қаржылық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілді. Бұл нәтиже – көлеңкелі айналымды қысқарту, ашық есепке көшу және жүйелі экономикалық саясаттың нақты жемісі. Соңғы жылдары іске қосылған зауыттар мен кәсіпорындар тұрақты салық базасын қалыптастырып, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардағы жобалар нақты табыс әкелетін кезеңге өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында белгіленген басымдықтар өңірде нақты іске асырылды. Экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін күшейту және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы кешенді жұмыстар өз нәтижесін берді. Салық құрылымында өнеркәсіп пен өңдеу секторларының үлесі артып, өңірдің дотацияға тәуелділігі біртіндеп төмендей бастады.

Отандық өндірісті дамыту мақсатында облыстың барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы іске асуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманы жеке бақылауына алып, жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстарын үйлестіріп келеді. Қазіргі таңда жалпы аумағы 238 гектарды қамтитын 21 өндірістік алаң құрылып, онда 248 ғимарат салу жоспарланған. Бұл жобалар 5 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде 32 жоба іске қосылып, 136 млрд теңге инвестиция тартылған.

2025 жылы индустрия өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бір жылдың ішінде ондаған өндіріс орны іске қосылып, жаңа зауыттар мен электр станцияларының құрылысы басталды. Индустриялық аймақтарда және «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүздеген миллиард теңгелік жобалар жүзеге асуда.

Жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Соның нәтижесінде 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының тұрақты өсімге шыққанын және инвестицияның нақты табыс пен салық көзіне айналғанын айқын дәлелдейді.

Ұқсас жаңалықтар

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы төңірегіндегі ең көп таралған фейктер мен манипуляцияларға шолу дайындады.

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында тәртіп сақшылары кофе таратты

Альфия Адамбек

Түркістан: Ордабасыда реновациядан өтіп жатқан мектептер қадағаланады