ҚАЗЫҒҰРТ: ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ БОЛҒАН АРДАГЕРЛЕР ҚҰТТЫҚТАЛДЫ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудан ардагерлерін құттықтап, оларға ерекше құрмет көрсетті. Аудан басшысы алдымен Қарабау ауылдық округіне қарасты Сынтас елді мекенінде тұратын 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Анарбай Мырзахметовтің шаңырағына арнайы барып, майдангердің денсаулығы мен ұзақ ғұмырын тілеп, аудан тұрғындары атынан алғыс білдірді.

Ардагердің өмір жолы – ұрпаққа үлгі. Анарбай Мырзахметов 1944 жылы Семей қаласында бір айлық әскери дайындықтан өтіп, Польшаның Варшава қаласы арқылы 1-ші Белорусь майданына аттанған. Соғыстан кейін Ресей Федерациясының Иваново қаласында әуе-десант әскерлері қатарында қызмет атқарып, 1950 жылы елге оралған. Ерен ерлігі үшін ол «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгінде ардагердің 10 баласынан 48 немере, 92 шөбере және 3 шөпшек өсіп келеді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Азизхан Исмаилов аудандық ардагерлер үйіне арнайы ат басын бұрып, қазыналы қариялармен кездесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің жас ұрпаққа өнеге болатынын атап өтті. Кездесу барысында елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, отбасы құндылықтарын дәріптеуде және ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ардагерлерге алғыс білдіріліп, баталары алынды.

Аудан басшысы ардагерлердің орны ерекше екенін, олардың өмір жолы мен ерлігін есте сақтау – ұрпаққа бейбіт өмір мен ел бірлігін дәріптеудің басты жолы екенін атап өтті. Кездесу соңында ардагерлер тұрғындарға ел тыныштығы мен береке тілеп, алғыс білдірді.

Бұл іс-шара аудан тұрғындарын ардагерлерге деген құрмет пен ізгі ниетке шақырып, тарихи жады мен ұрпаққа өнеге боларлық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста Ұлы Отан соғыс ардагері Сайлаубек Сарыпбекті еске алуға арналған ардагерлер турнирі өтті

berdaly_oraz

«Киелі мекен» акциясы аясында ұлттық парктерден 12 тонна қоқыс жиналды

berdaly_oraz

Түркістан облысында борконьерлерден 80 келіге жуық балық тәркіленді

berdaly_oraz