ҚАЗАҚСТАН – ӨЗБЕКСТАН ШЕКАРАСЫНДА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІ АШЫЛДЫ

Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасындағы «Жібек жолы» және «Гишт-Куприк» өткізу пункттері күрделі жаңғыртудан кейін ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды Arysinfo.kz ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңартылған нысандардың ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және екі елдің ресми өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекаралас аумақтарда 9 автомобиль өткізу пункті жаңартылып, пайдалануға берілген.

2024 жылы «Жібек жолы» өткізу пункті арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде нысанның өткізу мүмкіндігі едәуір артып, қарбалас кезеңде тәулігіне 100 мың адамға дейін қызмет көрсетуге жағдай жасалды.

Жоба аясында:

— Жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуық екі жолаушылар терминалы салынды;
— Автокөлік қозғалысына арналған жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылды;
— Төлқұжаттық бақылауға арналған 82 кабина мен 20 автоматтандырылған Q-gate жүйесі орнатылды;
— Кедендік бақылау заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жаңартылған өткізу пункттері шекарадағы жолаушылар мен көлік қозғалысын оңтайландырып, бақылау рәсімдерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, аталған жоба Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыруға, халықаралық жолаушылар тасымалын дамытуға, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етпек.

«Жібек жолы» мен «Гишт-Куприк» өткізу пункттерінің ашылуы – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, бауырлас елдердің мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстарын дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында балаларға арналған ашық есік күні өтті

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ АЛДЫНДАҒЫ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛДІ

berdaly_oraz

Түркістан театрында “Мәңгілік бала бейне” қойылымы сахналанды