Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына сапары барысында жергілікті тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдау өткізді. Кездесуде қала дамуының негізгі бағыттары талқыланып, халықтың ұсыныс-тілектері тыңдалды.
Әкім Кентаудың өндірістік әлеуеті зор екенін атап өтіп, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту – басты міндет екенін жеткізді. 2024 жылы қалада «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асып, көшелер жөнделіп, мәдениет үйінің құрылысы басталған. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» арқылы да жобалар қаржыландырылып жатыр.
2025 жылға жоспар бойынша, 477 млн теңгеге 97 жоба қаржыландырылмақ. Қалада өнеркәсіп, құрылыс, шағын кәсіпкерлік көрсеткіштері айтарлықтай өскені байқалады.
Биыл Қарнақ, Құсшы ата, Байылдыр, Хантағы ауылдарында 27 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, спорт алаңдары орнатылады. Кентаудың ішкі жылу жүйелері жаңартылып, кей ауылдарға табиғи газ жеткізілмек.
Жиында тұрғындар өзекті мәселелерді – газбен қамту, инфрақұрылым, жұмыспен қамту, жер телімдерін бөлу сияқты сұрақтарды көтерді. Бірқатар мәселе сол жерде шешімін тауып, қалғаны бақылауға алынды.