Түркістан облысы Түлкібас ауданында мектеп түлектері игілікті істің үлгісін көрсетті. 20 жыл бұрын Абай, Б.Садықов және М.Ломоносов атындағы мектептерді тәмамдаған азаматтар мұқтаж отбасына баспана сыйлап, ел алғысына бөленді.
Түлектер барлығы 13 млн теңге көлемінде қаражат жинап, оның 9 млн теңгесіне аудан орталығынан үй сатып алған. Қалған қаражат жөндеу жұмыстарына және қажетті жиһаз, тұрмыстық техника алуға жұмсалыпты. Жас отбасының отағасы – бірінші топ мүгедегі, отбасы осы күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрған.
Қасиетті жұма күні 300-ге жуық адамның қатысуымен үйдің ауласында дастархан жайылып, жаңа қоныс иелеріне баспана кілті табысталды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орманов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалмат Анашев, ардагер ұстаздар мен түлектер қатысты.
Шара соңында 2005 жылғы түлектер игілікті эстафетаны 2006 жылғы түлектерге табыстады. Аталған ізгі дәстүр 8 жылдан бері жалғасып келеді. Бұдан бөлек, дәл осындай қайырымды бастама Түлкібас кентінде де қолға алынбақ – онда да мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер 2 мұқтаж отбасыға баспана сыйлауды жоспарлап отыр.