Арыс қаласы, Отырар тұрғын ауданында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен бірге білім ошағының құрылыс жұмыстарын аралап, сапасын тексерді.
Үш қабатты заманауи мектеп 4 гектар аумақта бой көтерген. Қазіргі заман талабына сай жабдықталатын пәндік кабинеттер, технологиялық дәріс беру бөлмелері, спорт, акт залдар, сыртқы спорт алаңшалар, кең де жайлы асханасымен жабдықталып, сәулет-сымбатымен көз тартатын үлгілі білім ордасына айналмақ. Қазіргі уақытта мектепке қажетті жабдықтарды жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ, жаңа мектеп табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылады. Осы мақсатта газ құбырларын тарту және қуатты қазандықтарды орнату жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар, мектеп аумағын абаттандыру, жасыл желектер отырғызу және демалыс аймақтарын құру шаралары қолға алынған.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құрылысқа жауапты сала басшылары мен мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.
Айта кетейік, Отырар тұрғын ауданында 700-ден астам мектеп жасындағы бала бар. Олар бүгінде көршілес тұрғын аудандарға барып оқуда. Жаңа мектеп пайдалануға берілсе оқушылар жақын әрі жайлы мектепте сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік ашылады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі

