ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТОРЛАРМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС-ФОРУМ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» тағы бір мәрте маңызды кездесуге куә болды. Бұл жолы мұнда украиналық «UBC Group» компаниясының серіктестері мен халықаралық инвесторлар жиналып, іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында форум өткізді. Шараға Украина, Түркия, Қытай, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

Форум барысында Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып, қатысушыларға нақты жобалар ұсынылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде өңірдің іскерлік әлеуетіне тоқталып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Ол өңірде тоңазытқыштар өндірісі жобасы сәтті іске асатынына сенім білдірді.

— Түркі халықтарының рухани астанасы саналатын Түркістанда сіздерді қарсы алу — біз үшін үлкен мәртебе. Бұл форум – идеялар мен бастамалар тоғысып, нақты нәтижеге жол ашатын алаң. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту жүйелі түрде жүзеге асуда. Бүгінде Түркістан — тек тарихи емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды орталық. 2025-2028 жылдарға жоспарланған 110 жоба 4,6 миллиард АҚШ долларын қамтып, 19 мың жаңа жұмыс орнын ашады, – деді облыс басшысы.

Форумда «Түркістан Инвест» компаниясының басқарма төрағасы Өмірзақ Юсупов те сөз алып, шетелдік инвесторларға өңірдегі бизнес-климат жайында жан-жақты мағлұмат берді. Бүгінде облыста 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, олардың қатарында шетелдік капиталмен іске асырылып жатқан 160-тан астам жоба бар.

Соңғы алты жылда Түркістан облысына 9 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция тартылған. Оның 63 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылған. Инвестициялардың негізгі бағыты – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері.

«UBC Group» негізін қалаушы Игорь Гуменный форумда сөз сөйлеп, Түркістан облысында жүзеге асырылатын жаңа өндірістік жобаларға қолдау білдірген жергілікті әкімдікке алғысын жеткізді. Компания сусындар мен тағамдарға арналған тоңазытқыш жабдықтарын, жарнамалық материалдарды және техникалық жабдықтарды әзірлеумен айналысады. Ол Түркістанда тоңазытқыш өндіретін зауыт салу — стратегиялық қадам екенін атап өтті.

Форум соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар туралы ұсыныстарын ортаға салды. Шет елдік инвесторлар Түркістан өңірінің мүмкіндіктерін жоғары бағалап, әріптестікке ашық екенін білдірді.

Ұқсас жаңалықтар

Мәлік Отарбаев: «Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ – бұл бәрімізге ортақ міндет»

berdaly_oraz

«Осы тілде сөйле деп мәжбүрлемеу керек». Президент арандатушыларға ескерту жасады

Наурыз мерекесі қарсаңында Арыс қаласында 70 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды

berdaly_oraz

Пікір жазу