Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Игі бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық басқармалар мен департамент басшылығы мен ұжымы, мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары, сондай-ақ Түркістан қаласы әкімдігі мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Шара барысында қатысушылар қаланың қоғамдық аумақтарын тазалау, жасыл желекті күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және жасыл аймақтарды көбейтуге үлкен үлес қосады.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бұл шара Түркістанда экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
