Түркістан облысы инвестиция тарту бағытындағы жұмысын жалғастырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бизнес-диалог аясында жалпы құны 78 миллион АҚШ долларына жуық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды келісімдерге қол қойды.
Ақтау қаласында өткен «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» форумында екі ел кәсіпкерлері сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Форум қорытындысында Түркістан облысы мен Өзбекстанның бизнес өкілдері металл өңдеу, күнбағыс майын өндіру, жүгеріні терең өңдеу, ет өнімдерін экспорттау және заманауи балық шаруашылығы кешенін құру бағытындағы бірқатар меморандумдарға қол қойды. Жобалардың ішінде 47 миллион долларлық металл өңдеу зауыты ең ірілерінің бірі саналады.
Жоспарланған кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін өңірдің өндірістік әлеуеті артып, экспорт көлемі ұлғаяды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл бастамалар Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
