Түркістан қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қарашық өзенінің бойынан 50 гектар аумақты қамтитын «Түркістан» экопаркі ашылды. Ашылу салтанатымен қатар «Жаңа Конституция – халықтың құқықтық мәдениеті» атты облыстық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа Конституцияның заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайтудағы маңызын атап өтіп, жаңа экопарк тұрғындар мен қонақтардың демалып, спортпен айналысатын заманауи қоғамдық кеңістігіне айналатынын айтты.

Экопарк аумағында жергілікті климатқа бейімделген ағаштар отырғызылып, төрт көпір, күн панельдерімен жұмыс істейтін 170 шам, футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын аймағы, балық аулау орындары, барбекю алаңдары мен демалыс орындары салынған. Құрылыс барысында экологиялық қауіпсіз материалдар пайдаланылған.

Салтанатты кеште қазақстандық эстрада әншілері Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек, Alem және өзге де өнерпаздар концерт қойды.

