120 орындыққа лайықталған бұл білім ұясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілді. Нысан – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды қадам. Жаңа мектеп қала орталығынан ашылғандықтан, орталықтағы өзге білім беру мекемелеріндегі оқушы санының шамадан тыс арту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл, қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Жебелі Достанов, білім саласының ардагерлері, ата-аналар мен қала тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген шаһар басшысы қаламызда мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің жемісті әріптестігінің нәтижелі жұмысын атап өтті.
«Арыс қаласының білім беру жүйесінде орын тапшылығы мен апатты мектептер мәселесін толықтай шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі ашылған жаңа мектеп – осы бағыттағы ауқымды істердің нақты нәтижесі. Оның қала орталығында орналасуы, орталықтағы өзге мектептерге жүктемені азайтуға ықпал етіп, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды,» – деді шаһар басшысы.
Заманауи талаптарға сай салынған бұл мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда жарық және кең оқу кабинеттері, арнайы жабдықталған зертханалар, кітапхана, спорт және мәжіліс залдары бар. Сондай-ақ, мектептің қауіпсіздік жүйесі толықтай бейнебақылаумен қамтылған.
Мектеп құрылысы жергілікті кәсіпкер Дариға Мырзабаева ханымның қолдауымен жүзеге асырылды. Жалпы, Арыс қаласында білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл сайын жаңа мектептер бой көтеріп, қолданыстағы білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтуде. Соның нәтижесінде, қала мен ауылдарда орын тапшылығы мен апатты мектептер мәселесі толығымен шешілген.
Салтанатты шараға қатысқан ата-аналар балалардың жаңа және жайлы ортада білім алатынына қуаныштарын білдірсе, ұстаздар қауымы оқу-тәрбие үдерісін жоғары деңгейде ұйымдастыруға дайын екендіктерін жеткізді.








