Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы ХХІV халықаралық турнирдің жалауы көтерілді.
Спорттық шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, батыр боксшының анасы Сырлыкүл Саттарханова және Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысып, жас спортшыларға сәттілік. Қонақтар турнирдің мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында өтеді. Жарыс барысында ерлер 10 салмақ дәрежесінде, ал қыздар 5 салмақ бойынша сынға түсіп, үздіктер анықталады. Биылғы турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 252 спортшы қатысуда. Оның ішінде 209 ер мен 43 қыз чемпиондық атақ үшін шаршы алаңда бақ сынайды. Өйткені дәл осы бәсеке барысында ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын жастар құрамасы жасақталады. Жас былғары қолғап шеберлерінің өнерін Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев жіті бақылап, үздік спортшыларды іріктейді. Іріктелген боксшылар алдағы Азия және әлем чемпионаттарында, сондай-ақ жастар арасындағы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды деп үміттенеміз.
