Арыс аудандық сотымен орындалуы аяқталмаған сот актілеріне зерделеу жүргізілді.
2017 жыл мен 2024 жылдың 9 айында азаматтық істер бойынша барлығы 120 іс-9 235 730 теңге, қылмыстық істер бойынша 62 іс-122 566 153 теңге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 59 іс-5 379 225 теңге мемлекет пайдасына өндірілмеген.
Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезден бері атқарушылық іс жүргізу саласы қоғам дамуының бағытына ыңғайластырыла келе бірнеше рет реформаланды. Сот шешімдерінің орындалуын түпкілікті жақсарту қажеттілігі туралы нақты тапсырма берілген.
Алайда, заңды күшіне ене тұра, ұзақ уақыт бойы орындалмай келе жатқан сот актілері де баршылық.
Заң алдында барлығы бірдей. Сот шешімі орындалуымен құнды. Орындалмаған сот шешімі болмауы тиіс. Ал, орындалуын қамтамасыз ететін жеке және мемлекеттік сот орындаушылары сот актілерін орындау барысында, түбегейлі жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін соттармен, құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік және өзге де мекемелермен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауы керек. Тек сонда ғана сот шешімдерінің сапалы әрі уақытылы орындалуы қамтамасыз етіледі.
Жұмысын тиімді әрі сапалы атқарған сот орындаушыларына сот тарапынан жеке сот орындаушыларының республикалық немесе өңірлік палатасына ұсыныс жазылып, олар марапатқа ұсынылады. Тиісінше, өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, төмен нәтиже көрсеткен сот орындаушыларына жауапкершілігін қарастыру мәселесі бойынша ұсыныс жолданады.
Қазіргі таңда әрбір облыста жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы қалыптасып өз жұмысын атқару үстінде.
Алайда, жеке сот орындаушылардың жауапкершілігін шешу барысында және жұмыстарына бақылау немесе қадағалау жүргізу бойынша өңірлік палатаның өкілеттіктері мен жауапкершілігін арттыру керек деп санаймын. Себебі, талап пен бақылау бар жерде жұмыстың сапасы мен нәтижесі болады. Өйткені сот актілерін тиімді орындау — мемлекеттік заң жүйесінің маңызды шарты, мемлекетке деген сенімнің кепілі.
Гүлшат Ахметова
Арыс аудандық соты әкімшісінің басшысы