Арыс қаласының ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтары үшін қуанышты жаңалық – көктемгі егіс жұмыстарына мемлекет тарапынан дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді. Бұл көмек агроқұрылымдардың шығындарын азайтып, егістік жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының шешімімен Арыс қаласына бөлінген дизель отынын жеткізуші операторлар ретінде «Сити-Ойл» ЖШС (директоры Ә. Бекжанов, тел.: 8 705-773-23-38) және «Қаз Петрол Трейд» ЖШС (директоры Б. Медеуов, тел.: 8 701-550-0910) бекітілді.
2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 3818 тонна дизель отыны қарастырылған. Бұл жанармай егістік жер көлеміне байланысты агроқұрылымдарға бөлінетін болады.
Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі жеңілдетілген дизель отынына өтінім берген шаруаларды оны белгіленген мерзімде алып кетуге шақырады. Отын алуға байланысты кез келген сұрақтар бойынша 5-92-19 нөміріне хабарласуға болады.
Бұл мемлекеттік қолдау аграрлық саладағы шаруалардың өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.