Арыста «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны өтіп, ең үздік команда анықталды

Бүгін Арыс қаласында жастардың білімін шыңдауға бағытталған «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойынының қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Іс-шара «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының қолдауымен, «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалы және Ішкі саясат бөліміне қарасты «Руханият» КММ-і мен «Шаңырақ» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.

Арыс қалалық «AMANAT» партиясының ұйытқы болуымен осымен 4-ші мәрте өткізілген зияткерлік ойынға барлығы 11 команда қатысып, өзара білім бәсекесіне түсті. Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Қатысушыларға қала тарихы, кино, спорт, өнер, партия туралы және логикалық сұрақтар сынды түрлі бағыттағы сұрақтар қойылып, ойын жоғары деңгейде өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай зияткерлік ойындар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, бос уақыттарын тиімді өткізуіне үлкен ықпал етеді. Ойын барысында олардың жылдам ойлау, шешім қабылдау қабілеттері мен топтағы бірлігі анық байқалды.

Жарыс нәтижесінде, әлеуметтік сала қызметкерлерінен құралған «Сұңқар» командасы III орынды иеленді. Ал «ArysInfo» мен «Мәртебелім» командалары бірдей ұпай жинап, қосымша турда бақ сынады. Тартысты өткен соңғы турда «Мәртебелім» командасы топ жарып, І орынды жеңіп алды.

Жеңімпаздарға «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман мен қалалық партия филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, қалалық кезең жеңімпазы атанған «Мәртебелім» командасы енді облыстық ақтық кезеңде Арыс қаласының намысын қорғайтын болады.

Осындай білім сайыстары арқылы жастарымыз шыңдалып, ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын саналы азамат болып қалыптасары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда алғаш рет «Мұз шоуы» өтті

Түркістан облысында жаңа зауыттар мен кәсіпорындар салынып жатыр

Сөгіс естіген көлік министрлігі ішкі тексеріс жұмыстарын жүргізеді

Альфия Адамбек

Пікір жазу