Арыстық бишілер халықаралық байқауда бас жүлде иеленіп, Стамбулға жолдама ұтты

Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өткен Халықаралық би байқауында Арыс қаласының қос бірдей би үйірмесі — «Алтынай» және «Dance stars» топтары зор табысқа жетіп, ел мерейін асырды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Байқауға қатысқан төрт топтың ішінен «Алтынай» би тобы «Африка» биімен, ал «Dance stars» ұжымы «Испан» биімен өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, қос ұжым Түркияның Стамбул қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама иеленді.

Осы байқауда заманауи бағыттағы би және «Күміс сыңғыры» биін орындаған тағы екі топ та жүлделі бірінші орынға ие болды. Бұл — арыстық өнерпаз жастардың үздік дайындық пен талмай еңбектенудің жарқын нәтижесі.

Жеңімпаз жерлестерін қалалық Мәдениет үйі алдында жергілікті халық ерекше қошеметпен, көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.

Айта кету керек, Арыс қаласы Мәдениет үйі жанынан 2010 жылы тамыз айында құрылған «Алтынай» би үйірмесі алғашында небәрі 6 қыздан тұратын шағын топ болғанымен, бүгінде үлкен шығармашылық ұжымға айналды. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда үздік нәтижелерге қол жеткізіп, бірнеше мәрте жүлдегер атанды.

Ал 2022 жылдан бері Ләззат Садықованың жетекшілігімен АРТ спорт бағдарламасы аясында жұмысын бастаған «Dance stars» би үйірмесі де биік белестерді бағындырып, кәсіби деңгейде дамып келеді.

Осы екі үйірмеге де Арыс қаласынан шыққан тұңғыш педагог-хореограф Лаура Шұлғаубаева балалар мен жасөспірімдерге би өнерінің қыр-сырын үйретіп, шығармашылық қабілеттерін ұштауға зор үлес қосып жүр. Соңғы 15 жыл ішінде бұл үйірмелерде 1000-нан астам шәкірт би өнерін меңгеріп, оның ішінде 6 түлек кәсіби би маманы атанған.

Би өнерін жанына серік еткен арыстық жастардың жеңісі – бүкіл қаланың қуанышы. Бұл табыс – ұжым еңбегінің, ұстаздар мен ата-аналардың қолдауының, ең бастысы, жас таланттардың талпынысының жемісі.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫС: МҰРАЖАЙДАН САПЕРЛЫҚ БАТАЛЬОНҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ БҰРЫШ АШЫЛДЫ

Шардара ауданында шіркейге қарсы залалсыздандыру шаралары күшейтілді

«ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕ БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА ҚАБЫЛДАНДЫ

Пікір жазу