2026 жылғы 20 тамыздағы мәлімет бойынша мобильді фронт-офистер 2 657 консультация өткізіп, 2 439 кәсіпкерлік субъектісіне кеңес берген. Көшпелі топтар Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда, еліміздің барлық 17 өңірінде жұмыс істеп, шамамен 80 аудан орталығына барған.
Кәсіпкерлердің белсенділігі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде 252 консультация өткізілген. Одан кейін Ақтөбе облысы – 222, Солтүстік Қазақстан облысы – 220, Павлодар облысы – 217 және Атырау облысы – 215 консультациямен ерекшеленеді.
Кәсіпкерлерді негізінен қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау тетіктері қызықтырады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай фронт-офисі бағдарламалары мен өнімдеріне қатысты 721 өтініш, «Іскер Аймақ» субсидиялау бағдарламасына – 593, Кепілдік қоры 1 құралдарына – 480, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредиттеуге – 329 өтініш түскен.
Мобильді фронт-офистердің басты ерекшелігі – кәсіпкер қажетті ақпаратты бір жерден ала алады. Мұнда «Даму» қоры, әкімдіктер, банктер, «Атамекен» ҰКП және қаржы институттарының өкілдері бірлесіп жұмыс істейді.
Бүгінде көшпелі кеңес беру жұмысы тек ақпарат ұсынумен шектелмей, кәсіпкерлік жобаларды толық сүйемелдеуге бағыт алып отыр. Мамандар қаржыландыру құралын таңдауға, бағдарламалардың талаптарын түсіндіруге және жобаны шешім қабылданғанға дейін сүйемелдеуге көмектеседі.
Алдағы уақытта кәсіпкерлерге қызмет көрсетуді одан әрі жақындату мақсатында Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарын іске қосу жоспарланған.
Мемлекеттік қолдаудың кәсіпкердің өз өңіріне, тіпті ауылына дейін жетуі – шағын бизнестің дамуына жаңа мүмкіндік. Бұл бастама әсіресе аудан мен ауылдағы кәсіпкерлер үшін қаржыландыруға және қажетті ақпаратқа қолжетімділікті арттыра түседі.
