Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бейбітшілік – ел тірегі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – ұлттар арасындағы татулықты насихаттап, бірлік пен бейбітшіліктің қоғам үшін маңызын көрсету.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 Мамыр – халық бірлігі күні – бейбітшілік пен ынтымақтың айқын көрінісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқының бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Сан ұлтты бір шаңырақ астында ұйыстыра білген еліміз бүгінде тұрақтылықтың үлгісі болуда. Бұл жетістіктеріміздің негізінде әр азаматтың татулық пен түсіністікке қосқан үлесі жатыр, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков және өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков құттықтау сөз сөйлеп, барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.