Жыл басынан бері, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау бойынша 2 мыңға жуық арыз-шағым түскен, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Өтінімдердің негізінде, ізгілікті жолмен 11 мың басы ауланды дейді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек. Оның айтуынша, алдағы уақытта ит-мысықтарды ұстайтын орын режимдік обьект болады деп отыр. Өйткені, зооқорғаушылар ит аулайтын азаматтарға кедергі келтіруде.
Үш айда қаңғыбас 11 мыңға жуық ит-мысықтар ауланып, 10 мыңнан астамы жансыздандырылған. Өйткені, кейбір жануарлардың түрлі ауруы бар дейді қала әкімінің орынбасары. Сөзіне сенсек, жазылмайтын дерт, адамға да жұғады. Мәселен, иттің нәжісі мен зәрін басып кетсеңіз, ауру жұқтыруыңыз мүмкін.
«Бұл жануарлардың жазылмайтын ауруы бар. Оның ішінде құтыру, токсоплазма, филлиноз сынды аурулар бар. Ол міндетті түрде иттің қабуы емес. Оның нәжісін, зәрін басып кеткеннің өзінде адамға жұғатын аурулар бар. Мұның адам ағзасына әсері өте зор. Сол себепті, иттер ауланған соң, лабороториялық тексеруден өтеді. Бұдан басқа бізден сұрайтындар бар. Егер лабороториялық тұрғыдан денсаулығы дұрыс болатын болса, ұстаймын дегендерге бере аламыз. Бірақ, олай дейтіндердің саны аз. Керісінше, иттерін біраз уақыт баптап, сосын тамағым жоқ деп, қаңғытып жіберетіндер бар. Мұның барлығы назар аударатын дүние. Ол сыртқа шыққан соң, бірнәрсе жеп қоюы мүмкін. Оны жеген соң, ауру жұғып, таратушыға айналуы мүмкін. Сондықтан, жауапкершілікпен қарасаңыздар», дейді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Қоғамда ит-мысықтардың қорғаушылары жетерлік. Әсіресе, зооқорғаушылар шетелден қаржыландырылып, ит аулаушыларға кедергі келтіріп жатады. Бірақ, біз бұл мәселенің алдын-алуға тырысудамыз дейді Сәрсен Құранбек.