Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Н.-ға ҚК-нің 174-бабының 1-бөлігімен, 256-бабының 2-бөлігімен (телекоммуникация желілерін пайдалана отырып ұлттық, дiни алауыздықты қоздыру, телекоммуникация желілерді және онлайн платформаларды пайдалана отырып терроризмді насихаттау) айып тағылған, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Н. 2024 жылдың маусымы мен қыркүйек айларында Шымкент қаласында ұялы телефонын пайдалана отырып «Youtube» платформасында каналдарын ашып, «Ат-…» халықаралық экстремистік ұйымының көзқарастарына жататын бейнежазбаларын салып, терроризмді насихаттап, өзге ұлт және дін өкілдерінің дiни сезiмдерiн қорлап, оларды жек көруге шақыратын ұлттық, дiни алауыздықты қоздыруға бағытталған бейнежазбаларды «Тик-Ток» желісіне салған.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, өзіне жеңіл жаза сұрады.
Жаза тағайындау барысында сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның шын өкінуін ескерді, ауырлататын мән-жай анықталмаған.
Н. ҚК-нің 174-бабының 1-бөлігімен, 256-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енбеді.