Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр елді мекеніндегі Төлеби спорт кешенінде үш күнге созылған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында дзюдо күресінен республикалық турнир мәресіне жетті, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған турнирге Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент және Түркістан облысының барлық аудандарының жас спортшылары қатысып, бақ сынасты.
Жарысқа 800-ден астам спортшы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. 33 салмақ дәрежесінде белдескен спортшылардың төрешілер әділ бағасын беріп, әр қимылына мұқият назар аударды.
Еліміздің әр өңірінен келген үздік балуандардың қатысуымен өтіп жатқан республикалық деңгейдегі жарыс еліміздің болашақ чемпиондарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жарыс – тек жүлде үшін ғана емес, ел намысын қорғауға лайық спортшыларды іріктеу алаңы. Сонымен қатар дзюдоның тәртіпке, төзімділікке және құрметке тәрбиелейтінін көрсететін маңызды спорттық шара болып саналады.
Жарыс қорытындысымен командалық есепте 1-орынды Төлеби ауданы жеңіп алса, ал 2-орын Сарыағаш ауданы, 3-орын Сарыағаш қаласы иеленді. Жеңімпаздарға медаль, кубок және арнайы диплом табысталды.