Түркістан қаласының Бас жоспары қайта қаралады

Түркістан облысы әкімдігінде шаһардың 2040 жылға дейінгі даму жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Мәжілісте облыс басшылығы мен қала сәулеті жөніндегі мамандарға жаңартылған Бас жоспар жобасы таныстырылды.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.

Құжатта қаланың инфрақұрылымын жетілдіру, тарихи және мәдени мұраны сақтау, көлік қозғалысын оңтайландыру, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инженерлік жүйелерді халық санына сәйкестендіру мәселелері қарастырылған. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай Түркістан тұрғындарының саны 400 мыңға жетеді. Осыған байланысты, қаланың әрбір секторының дамуы кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Жиын барысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров жобаға жан-жақты талдау жасап, қосымша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ескеру қажеттігін атап өтті.

— Түркістан тек облыстың емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан Бас жоспар мен қаланың сәулеттік келбеті осы мәртебеге сай болуы тиіс. Жоспарды қайта қарап, нақты ұсыныстар енгізу қажет, — деді өңір басшысы.

Мәжілісте тек Түркістан емес, облысқа қарасты аудан және қала орталықтарының дизайн-кодын әзірлеу, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері де көтерілді. Сонымен бірге, «Біркөлік» рекреациялық аймағын дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев баяндама жасап, тиісті тапсырмалар жүктелді.

Алдағы уақытта ұсыныстар сарапталып, Бас жоспарға нақты түзетулер енгізілмек.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қарапайым отбасыдан шыққан шымкенттік оқушы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алды

Түркістандық боксшы арулар 2 медаль олжалады

АРЫС: АҚДАЛА АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ ЗАЛ КЕШЕНІ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Пікір жазу