Түркістан облысындағы «Самғау» оңалту орталығында Түркістан облыстық прокуратурасының Басқарма аға прокуроры Серікболсын Заурбеков пен облыс прокурорының көмекшісі Дидара Абдрасилова ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Шара барысында азаматтар өздерін мазалаған әлеуметтік және құқықтық мәселелерін ортаға салып, тиісті кеңестер алды. Прокуратура өкілдері әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында жауап берді. Сондай-ақ бірқатар мәселені бақылауға алатындарын айтты.
Облыс прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Түркістанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеке қабылдаудың басты мақсат – құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға қолдау көрсету. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Бүгінде облыс аумағында 101 557 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Прокуратура органдарының қадағалау жұмыстарының нәтижесінде көптеген мүгедек жанның құқығы қорғалды. Мәселен, «Автомобиль көлігі туралы» заң талаптарына сәйкес, бірінші топтағы мүгедектер мен бірқатар әлеуметтік топ өкілдері үшін қалалық және қала маңындағы көлікпен тегін немесе жеңілдікпен жүру құқығы қарастырылған. Алайда облыстың кейбір аймақтарында бұл талаптардың орындалмауы анықталған. Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 3263 мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығы қалпына келтірілді.
Айта кетейік, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясы, «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы бойынша реттелетінін айта кеткен жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді.
«Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деді ҚР Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке осы мақсатта үш жыл ішінде кемінде 58 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 690,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың ішінде 61,5%-ы еңбекке қабілетті жаста, 25,6%-ы зейнет жасындағы азаматтар, 12,9%-ы 18 жасқа дейінгі балалар (89,4 мың), оның ішінде жүйке жүйесінің ауруы бар балалар 26,5 мың болса, олардың 17,4 мыңы церебралды сал ауруына (БЦС) шалдыққандар.
Елімізде әр жыл сайын 11 мыңнан астам баланың мүгедектігі бар екені анықталады. (2018 жылы 11 815 бала мүгедек ретінде анықталды), олардың 22,9%-ға жуығы жүйке жүйесінің аурулары бар балалар (2018 жылы – 2703 бала), оның ішінде 50% астамы БЦС диагнозымен (2018 жылы – 1364 бала).
Иә, өкінішке қарай, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі адамдар саны артып келеді. Әрбір адам кез келген уақытта жазатайым оқиғаға тап болып немесе ауыр дерт салдарынан мүгедек болып қалуы мүмкін. Мүгедектігі бар адамдарға қатысты әлеуметтік саясаттың ең өзекті міндеттері қатарында оларға барлық басқа азаматтармен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, толыққанды өмір салтын жүргізуге және өзінің азаматтық міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін қолайлы жағдайлар жасау сияқты міндеттер бар. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайлы өмір сүру ортасын құру қажеттігі уақыт талабы.