Түркістан облысында егістікті ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды

Түркістан облысында 896 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артық. Осы алқаптарды ағын сумен қамту мәселесі облыс әкімінің аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.

Ағын су тапшылығын болдырмау – басты міндет

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала басшыларына диқандарға қолдау көрсетіп, су нысандарының жағдайын қадағалауды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы облыс үшін аса маңызды сала. Ағын судың қажетті көлемде әрі уақытылы берілуін қамтамасыз ету керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету қажет», – деді әкім.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, жыл сайын 4,9 млрд м³ ағын су лимиті бекітіледі, бірақ нақты қажеттілік 5,8 млрд м³-ге жетеді. Қазіргі уақытта су қоймаларындағы жиналған су көлемі орта есеппен 71%, ал «Шардара» су қоймасы 87%-ға толған.

Су жүйелерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда

2024 жылы 11 су нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, нәтижесінде 2,9 мың гектар жер сумен қамтылып, 26,9 мың гектар аумақтың мелиоративтік жағдайы жақсарды.
2025 жылы 5,4 млрд теңге бөлініп, 12 су нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Бұл 7,7 мың гектар егістік алқаптың ағын сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Ислам даму банкінің» қаржысы есебінен 166 шақырым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың гектар суармалы жердің су өткізу қабілеті артады. Келешекте 269 канал (4265 шақырым) жөнделіп, 25 су қоймасы жаңғыртылады.

Бұл бастамалар су тапшылығы мәселесін шешуге, ауыл шаруашылығын дамытуға және өңірдегі аграрлық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

berdaly_oraz

Қаскелеңде сот залынан қашып кеткен күдікті әлі табылмады

Мемлекет басшысының кеңесшісі өңірдегі мәдениет және денсаулық сақтау салаларының өкілдерімен кездесті

Пікір жазу