Түркістан облысында егістікті ағын сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр,-деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Түркістан облысында биыл 896 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артық. Егістік алқаптарын ағын сумен қамту мәселесі облыс әкімдігі аппаратының мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала мамандарына бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды және диқандарға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Ағын су тапшылығына жол бермеу шаралары
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, жаздық дақылдарды егу науқаны белсенді жүріп жатыр. Жыл сайын 4,9 млрд м³ ағын су лимиті бекітілгенімен, соңғы жылдары облыстың нақты қажеттілігі 5,8 млрд м³-ге жеткен. Су қоймаларында судың жиналу деңгейі 71%-ды құрап отыр. Оның ішінде «Шардара» су қоймасы 87%-ға толған. Бүгінде «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы Шардара ауданында сор шаю жұмыстарына 125 м³/сек ағын су жіберілуде. Жалпы облысқа қажетті судың 63%-ы көрші елдерден келеді.
Су нысандарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары
Өңірде су инфрақұрылымын дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2024 жылы 43 шақырымды қамтитын 11 су нысаны күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде 2,9 мың гектар жерге су жеткізіліп, 26,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. 2025 жылы 5,4 млрд теңге бөлініп, 59 шақырымды құрайтын 12 су нысаны жөндеуден өтеді.
Инвестициялық жобалар және қаржыландыру
Су шаруашылығын жаңғыртуға халықаралық қаржы институттары да атсалысуда. «Ислам даму банкі» қаржыландыратын жобалар аясында 166 шақырым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың гектар суармалы жердің су жеткізу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар, 10 коммуналдық су нысанын «Қазсушар» РМК теңгеріміне беру арқылы тағы 130 шақырым канал жаңғыртылып, 10,1 мың гектар жердің ағын сумен қамтылу көрсеткіші жақсарады. Екінші кезеңде 120 жобаға қосымша қаржыландыру көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 канал (4265,4 шақырым) күрделі жөндеуден өтпек. Бұл шаралар суармалы жерлердің өнімділігін арттырып, шаруалардың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.