Түркістан облысында жазғы лагерьлерге 40 мың бала барады,деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Түркістан облысында жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында 32 маусымдық демалыс лагері жұмыс істейді. Оның ішінде 11-і мемлекеттік, ал 21-і жекеменшік лагерьлер. Балалардың жазғы демалысын сапалы өткізу үшін атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өткізген жиында талқыланды.
Жазғы лагерлерге дайындық жұмыстары қарқынды жүруде
Жиынға облыстық Білім басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, аудандық және қалалық әкімдіктердің өкілдері, білім бөлімінің басшылары мен лагерь жетекшілері қатысты. Басқосуда жазғы демалысты ұйымдастыруға қатысты негізгі мәселелер көтерілді.
«Лагерьлерді балаларды қабылдауға дайындау, инфрақұрылымды жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері қаңтар айынан бастап қолға алынды. Дегенмен, кейбір лагерьлердің дайындығы әлі де баяу жүріп жатыр. Жаз маусымына дейін барлық нысан сақадай сай болуы керек. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Әсіресе, жекеменшік лагерьлердің жағдайына ерекше мән берілуі тиіс. Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына басымдық берілуі қажет,» – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Жаңа жоспарлар мен өзгерістер
Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың айтуынша, 2025 жылы балаларды сауықтыру жұмыстарының басым бөлігі мемлекеттік лагерьлер мен облыстық білім басқармасына қарасты екі мекемеде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қосымша модульдік жатын орындар орнатылып, лагерьге қабылданатын балалардың санын арттыру көзделіп отыр.
Биыл Түркістан облысында 40 мыңнан астам бала жазғы лагерьлерде демалады. Ал лагері жоқ аудандардың мәселесін шешу жолдары қарастырылуда.
Балалардың қауіпсіздігі басты назарда
Жазғы лагерьлердің әр маусымының ашылуы алдында ауыз су жүйесінің қауіпсіздігі, тамақтану және тұру жағдайлары, медициналық қызмет көрсету, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы сияқты бірқатар маңызды шаралар жүргізіледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Бекболатұлы арнайы жол картасы аясында бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Облыс әкімдігі мен тиісті мекемелер жазғы лагерьлердің балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.