Түркістан облысындағы колледждерде жұмысшы мамандығына арналған гранттар саны 9500-ге жетеді, — деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орыбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, алдағы оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен бөлу бойынша мәжіліс өтті. Сонымен бірге «Жұмысшы мамандықтар жылын» мазмұнды әрі жастарға пайдалы іс-шаралармен қамту мәселесі де талқыланды. Оған жауапты басқарма өкілдері мен мекеме басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Облыста 50 колледж жұмыс істейді (28 мемлекеттік, 22 жекеменшік). Басым бөлігі – көпсалалы колледждер. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 530 (оның ішінде 32 383 мемлекеттік тапсырыс) студент білім алуда. Өңірде еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтар 30 колледжде даярланады. Онда 16553 студент білім алуда. Биыл 450 орын гранты мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында қарастырылған. Яғни, жастарды кәсіпорындарға 100% жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау қажет екенін айтты. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының қолдауымен білім саласын дамыту жұмыстары жандануда. Мемлекет тарапынан жастардың білім алуына гранттар беріліп, қолдаулар көрсетіліп жатыр. Биыл да арнаулы оқу орындары мен колледждерге 15 500 мемлекеттік тапсырыс беру жоспарланған. Соның ішінде жұмысшы мамандықтарының саны 9500-ге дейін ұлғаяды. Ауылдар мен қалалардағы мектеп бітіруші түлектерге, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, гранттармен қамту керек. Білім басқармасының талдауы негізінде биыл 11-сыныпты бітіретін 4 мыңнан астам оқушы ҰБТ-ға қатыспайды. Осы оқушылар NEET санатына енбеуі үшін колледждерге түсіру керек. Жауапты басқарма, «Жастар ресурстық орталықтары», аудан, қала әкімдері осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Аймақта мықты, көшбасшы колледждер бар. Олардың бірқатарындағы жатақханалар бос тұр. Ауыл жастарын тартыңыздар. Тегін оқысын әрі стипендиясын алып, мамандыққа ие болсын. Көпшілігі мұндай мүмкіндіктерді білмейді. Халыққа ақпарат беру керек. Бөлінген гранттарға сай тиісті ұсыныстар беріңіздер. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жөн. Әр колледждің көрсеткіші талданып, тиімсіз жұмыс істеген директорларға қатысты тиісті шешімдер қабылданады”, – деді Бейсенбай Тәжібаев.