Түркістан облысында «Smart city» жобасы жүзеге асырылып келеді. Түркістан қаласы «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бойынша республика аумағында 2024 жылы 74,6 пайызбен 12-ші орынға тұрақтаған. Аймақтың дамуында маңызды орны бар жобаға қатысты мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қалаларды цифрландыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды барлық аудан, қала орталықтарында жүзеге асыру керектігін айтты. Түркістан қаласындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Заман, технология дамып жатыр. Жасанды интеллект пен соңғы технологиялық жаңалықтардың игілігін пайдаланып, аймақты дамыту жұмыстарына жаңа жобаларды енгізу керек. Электр үнемдейтін, күннен қуат алатын бастамаларды көбейту керек. Түркістан қаласында «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бойынша 2025 жылға арналған Жол картасына қажетті толықтыруларды енгізіп, шұғыл түрде бекітіңіздер. Іске асыру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет. Аудан, қалаларда өңірлік инфрақұрылым объектілерін жобалау кезінде «Ақылды қала» жобасының негізгі критерийлерін ескеріп, облыстағы цифрландыру саласына жауапты басқармамен келісуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тураби Ертай мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының осы бағытта атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Бүгінгі таңда жауапты министрліктің бекітуімен «Ақылды қала» бастамасы 19 негізгі бағыттан тұрса, Түркістан қаласы бойынша оның 11-і іске асырылған. Қалған 8-ін жүзеге асыру бойынша қалада «ақылды аялдамалар» салу, «ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын (оның ішінде электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде) «ақылды есептегіштермен» қамту, қала тұрғындары коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бірыңғай есеп айырысу орталығын құру, облыстық ахуалдық орталығын құру, қала ішінде контейнерлік алаңдарды цифрландыру, қала үшін бірыңғай мобильді қосымша әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осыған байланысты, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы Түркістан қаласында «Ақылды қала» бастамаларын жүзеге асыру бойынша жол картасы әзірлеген.
Түркістан қаласында қоғамдық тәріп және жол қауіпсіздігін сақтау бағытында бейнекамералар орнатылған. Қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеудің электронды жүйесі енгізілген. «109» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеуде. Қаладағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылған. Облыс орталығында 17 «SOS» батырмасы орнатылған. Барлық медициналық ұйымдар компьютермен және «Дамумед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен 100%-ға қамтылып, жұмыс істеп тұр. 845 шақырымды құрайтын 800-ден астам көшенің 92 пайызына жарықшамдар орнатылған. «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.