ЕКІ АЯҒЫНАН АЙРЫЛҒАН АЗАМАТ КӨЛІК АЙДАП КҮНЕЛТІП ЖҮР

Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұржан Артықов бірнеше жылдан бері көлік жүргізіп, бес баласын асырап келеді. Бірінші топтағы мүгедек азамат – отбасының негізгі асыраушысы.
Оның айтуынша, дерті 2010 жылдары басталып, 2015 жылы қантамыр жүйесінің бұзылуына байланысты екі аяғын кесуге тура келген. Кейін жағдайы күрделеніп, қолының бірнеше саусағына да ота жасалған. Аяқтан айырылғаннан кейін Нұржан ауыр психологиялық кезеңді бастан өткергенін жасырмайды.
«Алғашында өзімді қабылдай алмадым. Ішімдікке салынып кеткен кездер болды, тіпті өмірден түңілген сәттер де өтті. Бірақ балаларым мені қайта тұрғызды. Олардың болашағы үшін өмір сүру керек екенін түсіндім», – деп еске алады ол.
Жағдайына қарамастан, Нұржан ауруханадан шыққан соң көп ұзамай жұмысқа кіріскен. Бұрын жүк көлігін жүргізген ол денсаулығына байланысты жеңіл көлікке ауысқан. Көлігін өзіне ыңғайлап, арнайы құралдармен жабдықтап алған.
«Көлігімнің қозғалтқышы автомат. Газ бен тежегішке арнайы тетік орнатып, қолмен басқарылатын етіп жасадым. Басқару қиын емес: газды басқанда тежегіш ажырайды, ал тежегішті басқанда газ бәсеңдейді. Қажеттілік болса, адам бәріне бейімделеді екен», – деп түсіндіреді ол.
Қазір таңғы бестен кешке дейін жолаушы тасып, күнделікті нәпақасын табады. Айтуынша, кей күндері табысы 10–15 мың теңгеге дейін жетеді.
Осы уақытқа дейін жеті көлік тізгіндеген. Такси қызметінде алыс жолға да жиі шығады. Мұндай сапарларда барлық қажетті құралдарын өзімен бірге алып жүреді. Көлігі жолда бұзылып қалса, жөндеу жұмыстарын өзі істей алады, ал дөңгелегі жарылса, оны да өз күшімен ауыстырады.
«Жолда жүргізушілер бір-біріне әрдайым көмектеседі. Бірде Қызылордаға бара жатқанда екі дөңгелегім бірдей жарылып қалды. Ауыстырып жатқанымда басқа көліктегі жігіттер келіп қол ұшын берді. Ал Алматыға бара жатқан жолда жолаушылардың бірі жылдамдықты арттыруымды сұрады. Сол кезде аяғымның жоқ екенін айттым. Тоқтап, өз көзімен көрген соң ғана сабасына түсті», – деп бөлісті ол.
Жолаушылардың көзқарасы әртүрлі: кейбірі қолдау білдірсе, енді бірі оның жағдайынан қауіптеніп, көлікке отырмай кетеді.
«Алғашында ауыр тиетін. Қазір түсіністікпен қараймын. Адам өз қауіпсіздігін ойлайды. Тәжірибем бар екенін айтып түсіндіремін», – деп жеткізді жүргізуші.
Нұржан тұрақты түрде ем қабылдайды, ал жәрдемақысын дәрі-дәрмекке жұмсайды.
Ол дені сау азаматтарды еңбек етуге шақырып, «жұмыс жоқ» деген сылтаудан арылу керектігін айтады.
«Кейбір жастардың жұмыс таңдағанын көріп қынжыламын. Отбасын асырау – ер адамның міндеті. Денсаулықтың қадірін бар кезде білу керек», – деген пікірде ол.
Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі жандарға да үндеу жасады:
«Өзіңнен ұялмау керек. Біреудің сөзіне қарап өмір сүру – дұрыс емес. Әркім өз тағдыры үшін өзі жауапты. Әрекет етсең, нәтиже міндетті түрде болады», – деп түйіндеді Нұржан Артықов.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда ерекше балалардың арманы орындалды

Альфия Адамбек

Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасына жаңа басшы тағайындалды

berdaly_oraz

Түркістан облысында алаяқтар абақтыға қамалды