Дереккөз, фото: Жетісай ауд әкімдігі
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауыл шаруашылығы жерлерінің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында салынып жатқан тік дренажды ұңғымалардың құрылыс барысына кезекті рет зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Аудан басшысы жауапты сала мамандарымен бірге Ж. Ералиев ауылдық округіндегі құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Тексеру барысында жобалық-сметалық құжаттамалардың сақталуы, құрылыс материалдарының сапасы және техникалық қауіпсіздік талаптарының орындалуы қаралды.
Қазіргі таңда аталған ауылдық округте кеңестік кезеңнен қалған 39 тік дренажды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін округтегі 14 елді мекеннің 8042 гектар суармалы егістік жері мен 1383 гектар үйіргелік аумақтың мелиоративтік жағдайы жақсарады деп күтілуде.
Жалпы аудан аумағында 210 дана тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Жоба 2023 жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «ҚазСушар» РМК тапсырысымен, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен басталған. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында толық аяқтау жоспарланған.
Жобалар аясында Мақталы, Қызылқұм және Абай ауылдық округтеріндегі 97 тік дренажды қалпына келтіру жұмыстары «КиікбайСтройСервис» ЖШС-не жүктелген. Бұл бағыттағы жұмыстар 16 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ал Ералиев, Ынтымақ және Ш. Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 тік дренажды қалпына келтіру жұмыстарын «Арт-Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Нәтижесінде 20 мың гектарға жуық егістік алқаптың су жүйесі реттеледі деп жоспарланып отыр.
Аудан әкімі дренаж жүйелерінің сапалы салынуы өңірдің ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына мердігер мекемелермен жұмысты күшейтуді тапсырды.
