Дереккөз, фото: Жетісай ауд әкімдігі
Жетісай ауданында 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Папков Петр Кузьмичке ерекше құрмет көрсетілді. Ғасыр жасаған майдангерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы мерекелік құттықтау хатын аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов салтанатты түрде табыс етті.
101 жастағы ардагерді құттықтау рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық сот төрағасы Ермек Қожамқұлов және аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов қатысты. Жиында майдангерлердің ерлігі мен ел алдындағы еңбегі ешқашан ұмытылмайтыны айтылып, бейбіт өмір сыйлаған аға буынға құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы екені атап өтілді.
Петр Кузьмич 1925 жылы Татарстан Республикасының Максимовка ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында Киев, Бухарест және Венгрия бағытындағы шайқастарға қатысып, майдан даласында ерлік көрсетті.
Соғыстан кейін елге оралған ардагер ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында еңбек етіп, тракторшы болып жұмыс атқарды. Ел алдындағы еңбегі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған.
Ардагерге көрсетілген құрмет – елдің батырларға деген тағзымының айқын көрінісі. Айта кетейік, ауданның соңғы майдангеріне 2024 жылы баспана кілті табысталған болатын. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай арнайы мерекелік құттықтаулар мен сый-сияпаттар ұсынылды.
Бір ғасырлық ғұмыр кешкен майдангердің өнегелі өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Ел үшін от кешкен ардагерлердің ерлігі мен есімі халық жадында мәңгі сақталады.
