Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан қаласында «Адал ата-ана: Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында ата-аналар форумы ұйымдастырылды.
Форумға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар комитетінің мүшелері, мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және ата-аналар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғау, буллингтің алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Форум барысында сөз сөйлеген Мадияр Әліпов бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі ең алдымен отбасыдан басталатынын атап өтті. Сонымен қатар, жаз мезгіліндегі судағы қауіпсіздік, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, интернетке тәуелділік, психологиялық күйзеліс және түнгі уақытта балаларды бақылаусыз қалдырмау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды қоғам болып бірлесе жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
