Жастарға жалған жылтырақ емес, шынайы құндылық керек

дереккөз фото:Aikyn.kz.

Қазіргі ақпараттық дәуірде жастардың дүниетанымы әлеуметтік желілер мен медиакеңістікте қалыптасып жатыр. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қоғамда жеңіл өмір салтын, даңғаза атақ пен орынсыз сән-салтанатты насихаттайтын контент көбейді. Мұндай үрдіс жастардың өмірлік мақсаттары мен құндылықтарына кері әсер етуі мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистермен кездесуде осы мәселеге ерекше тоқталып, өскелең ұрпаққа жалған жылтырақ емес, адал еңбек пен ішкі мәдениеттің үлгісі көрсетілуі керектігін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы өмірді емес, жасампаз еңбек пен адал табыстың шынайы бейнесін көруі тиіс.

Бүгінде журналистердің жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Олар тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамның бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды күшке айналды. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де үлес қосуы қажет.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиесі мен мәдениеті үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге негізделген. Жақынына жанашыр болу, мұқтажға қол ұшын созу, әдептен аспау – ұлтымыздың айнымас қасиеті. Осындай құндылықтар жастардың санасында берік орныққанда ғана қоғамның сапасы артады.

Өркениетті ел болудың басты шарты – технология немесе экономикалық көрсеткіштер ғана емес, азаматтардың мәдениеті мен адамгершілік деңгейі. Сондықтан жастарға дұрыс бағдар беру – бүгінгі қоғамның ортақ міндеті. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер бұл жолда жауапкершілікті терең сезінуі керек.

Өйткені елдің болашағы – жастардың қолында. Ал олардың болашағы бүгін көріп, оқып, бойына сіңіріп жатқан құндылықтармен өлшенеді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандықтардың мұң-мұқтажы тыңдалды

Түркістан облысында жаңа зауыттар мен кәсіпорындар салынып жатыр

Шымкентте Халықаралық музейлер күніне орай «Музейдегі түн» ерекше форматта өтті

berdaly_oraz