Түркістанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс, ерте жүктілік пен құқық бұзушылықтың алдын алу және білім саласындағы түйткілді мәселелер қаралған жиын өтті. Мәжіліске облыстық басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары онлайн форматта қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиынға төрағалық етіп, жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Білім саласын дамыту және тәрбие мәселелері
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде білім сапасын жақсарту және саладағы кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасуда. Әкімдік өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, ерте жүктілік, өзіне қол жұмсау фактілерін азайтуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, балалар лагерлерін жаңғырту, психологиялық көмек көрсету қызметтерін дамыту және жасанды интеллект негізінде кеңес беру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші төмендеген. Бұл бағытта Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы құрылып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен алдын алу шаралары күшейтілді. 2000-ға жуық тәрбие саласының маманы біліктілігін арттырудан өтті.
Мектептерді жаңғырту және инфрақұрылымды жақсарту
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов мектептерді жаңғырту жобасы аясында 115 мектептің инфрақұрылымын жақсарту жоспарланып отырғанын баяндады. 2025-2027 жылдары мектептердің ғимараттарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, асхана, кітапхана, спорт залдар, пән кабинеттері, қауіпсіздік жүйелері мен жиһаздарды жаңарту көзделген. 2025 жылы 41 мектеп жаңғыртылып, оның ішінде 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Қоршаған ортаны қорғау және мектеп ауласын абаттандыру
Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерінің ауласын тазалау, ағаш отырғызу жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, мектептердегі ескі көрнекіліктерді бір ай ішінде жаңарту және «Жайлы мектеп» жобасын жандандыру тапсырылды.
Жауапты органдарға берілген тапсырмалар аясында білім беру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетін болады.