2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне енді. Осыған байланысты Түркістан облысы Арыс қаласында тұрғындарға жаңа талаптарды түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, барлық 17 секторда сенбіліктер ұйымдастырылуда.
Арыс қалалық мәдениет үйі қызметкерлері мен №3 сектор қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, заң талаптарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар көше-көшені аралап, сенбілік өткізіп, әрбір азаматтың өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді.
Жаңа ережеге сәйкес, әрбір үй иесі немесе жалға алушы өз нысанының, қоршауының немесе сауда орнының сыртындағы бес метр радиустағы аумақты өз қаражаты есебінен күтіп-ұстауға міндетті. Бұдан бөлек, жеке тұрғын үйлер мен қоршаулардың сыртқы келбеті де талапқа сай болуы тиіс.
Ережені алғаш рет бұзғандарға ескерту жасалады. Ал талап орындалмаған жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке дейін өседі.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – қала көшелерінің тазалығын сақтап, тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыру. Таза әрі көрікті Арыс – әрбір тұрғынның күнделікті ісінен басталады.
