ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ: АРЫСТЫҢ ТЕМІРЖОЛ ТЫНЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ДЕПО

Арыс қаласының тарихы теміржолмен тамырлас десек, артық айтқандық емес. Қаланың экономикалық дамуына серпін беріп, талай буын теміржолшыны тәрбиелеген өндіріс орындарының бірі – Арыс вагон жөндеу депосы. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 90 жыл толып, айтулы мерейтой салтанатты түрде аталып өтті.

«Astana Railway Services» ЖШС-нің «Арыс вагон жөндеу депосы» филиалы 1936 жылдан бері теміржол саласына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Тоқсан жыл ішінде кәсіпорын талай тарихи кезеңді бастан өткеріп, мыңдаған маманның еңбек мектебіне айналды. Бүгінде ол теміржол қозғалысының қауіпсіз әрі тұрақты жүруін қамтамасыз ететін маңызды өндірістік нысандардың бірі.

Мерейтойлық шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Astana Railway Services» ЖШС Бас директоры Әділхан Салтайұлы Ибрагимов, сала ардагерлері, кәсіпорын қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында қала әкімі кәсіпорынның Арыс қаласының қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөлін атап өтіп, депо ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

90 жыл – жай ғана мерейтой емес, бұл бірнеше буынның маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Теміржол – Арыстың тарихымен біте қайнасқан сала. Осы кәсіпорында еңбек еткен әрбір маман қаланың дамуына өз үлесін қосты, – деген мазмұнда жылы лебіздер айтылды.

Мерейтой барысында салаға сүбелі үлес қосқан бірқатар қызметкер түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Ардагерлер ақ батасын беріп, кейін мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Бүгінде депода 245 адам еңбек етеді. Кәсіпорында жүк вагондарына жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл сайын 3 мыңға жуық вагон жөндеуден өтеді. Бұл – күн сайын үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

Өйткені теміржолдағы әр вагонның техникалық жарамдылығы – қозғалыс қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Ал бұл міндетті сапалы орындау үшін тәжірибелі маман, кәсіби шеберлік пен жоғары жауапкершілік қажет.

Арыс вагон жөндеу депосының 90 жылдық тарихы – өндірістің ғана емес, еңбек адамдарының тарихы. Бір кәсіпорында бірнеше буын өкілдерінің еңбек етуі – сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Тоқсан жылдық тарих артта қалды. Алда – жаңа міндеттер мен жаңа белестер. Арыс вагон жөндеу депосының ғасырлық межеге бет алған бүгінгі тынысы – теміржол саласына адал қызмет еткен талай буынның еңбегінің лайықты жалғасы.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандық полицей Азия чемпионы атанды

Redaktor Arysinfo

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясында маңызды мәселелер қаралды

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында жеңілдетілген несие бағдарламалары таныстырылуда

berdaly_oraz