Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдап, азаматтардың талап-тілегі мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауда көтерілген мәселелер қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты.
Тұрғындар тарапынан баспана мәселесі, жеке кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау саласы, қаланы абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, табиғи газға қосылу, жайылым жер тапшылығы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Сондай-ақ бірқатар тұрғындар қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Қала әкімі әрбір өтінішті жеке-жеке тыңдап, тұрғындарға қолданыстағы заңнама аясында түсініктеме берді. Шешімін таппай тұрған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Әсіресе тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, қауіпсіздігіне және қала инфрақұрылымына қатысты мәселелерді созбалаңға салмай шешу қажеттігіне басымдық берілді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, заң шеңберінде шешу жолдары қарастырылмақ.
Жеке қабылдаудың басты мәні – тұрғынның мәселесін тыңдап қана қою емес, оның нақты шешімін табу. Осыны назарға алған қала басшысы әрбір өтініштің орындалу барысын бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Халықтың сенімі – нақты іспен қалыптасады. Сондықтан әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, тұрғын көтерген мәселені соңына дейін жеткізу – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі.
