Түркістанда Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеш шаһар жастарының өнері мен белсенділігін, жаңа бастамаларға деген ұмтылысын паш етті.
Түркістанның «Жібек жолы» саябағында жастардың басын қосқан ерекше мерекелік кеш өтті. «Түркістан жастары: бір толқында!» атты шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жас буынды мерекемен құттықтады.
Кештің басты ерекшелігі – жастардың жан-жақты қабілеті мен шығармашылық әлеуетінің кеңінен көрініс табуы. Сахна төрінде би және музыкалық қойылымдар ұсынылып, сән көрсетілімі, акробатикалық шоу, түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Мерекелік кештің соңы отшашуға ұласып, жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қала әкімі өз сөзінде жастардың шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне ғана емес, болашақ дамуына да тікелей ықпал ететінін атап өтті.
«Бір толқында болу – елдік мұрат жолындағы үндестік», – деген қала басшысы жастарды білімге ұмтылуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және ел алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Бүгінде Түркістанда 78 361 жас тұрады. Бұл – қала халқының 31,4 пайызы. Яғни әрбір үшінші түркістандыққа жуық тұрғын – жастар.
Бұл көрсеткіш шаһардың болашағын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі маман, кәсіпкер, ғалым, ұстаз, дәрігер, спортшы және ел басқару ісіне араласатын азамат.
Түркістан жастары соңғы жылдары спорт, білім, ғылым, өнер және жаңа технологиялар бағытында белсенділік танытып келеді. Халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар, ғылыми жобаларда оза шапқан жас зерттеушілер, шығармашылық байқауларда топ жарған талантты жастар – соның айқын дәлелі.
Жастардың бойындағы осындай қуатты әлеуетті дұрыс бағыттап, олардың бастамаларына қолдау көрсету – қоғамның ортақ міндеті. Өйткені жастарға жасалған жағдай – қаланың ертеңіне салынған инвестиция.
«Бір толқында» өткен кештің негізгі мәні де осында. Бұл – тек мерекелік концерт емес, бір мақсатқа ұмтылған, жаңа мүмкіндіктерге сенетін және Түркістанның болашағын бірге қалыптастыруға дайын жас буынның бірлігін көрсеткен маңызды шара.
Түркістан – тарихы терең қала. Ал оның келешегін қалыптастыратын күш – білімді, белсенді және жаңашыл жастар.
Бүгінгі Түркістан жастары бір толқында. Ал сол толқын – жарқын болашаққа қарай бағыт алып келеді.
