Арменияның Ереван қаласында еркін күрестен ересектер арасында өткен халықаралық турнирде қазақстандық балуандар сегіз медаль жеңіп алды.
Жарыстың алғашқы күнінде 86 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Асхаб Хаджиев тартысты финалда 2025 жылғы әлем чемпионы, америкалық Захид Валенсияны 12:11 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Осы салмақтағы тағы бір отандасымыз Рүстем Мырзағалиев қола медаль иеленді.
65 келіге дейінгі салмақта Өсімжан Дастанбек күміс жүлдеге табан тіресе, Әділ Оспанов қола медальға ие болды. Ал 74 келіге дейінгі салмақта Дархан Есенғали үздік үштікті түйіндеді.
Турнирдің екінші жарыс күнінде де қазақстандық спортшылар жүлде қоржынына медаль қосты. 61 келіге дейінгі салмақта Мейрамбек Қартбай күміс жүлде алса, 70 келіге дейінгі салмақта Ернұр Нұрғазы, 79 келіге дейінгі салмақта Диас Сағдатов қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, қазақстандық балуандар Еревандағы халықаралық бәсекені бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен қорытындылады.
